Вторник, 23 Октябрь 2018 05:45

Шардарада дзюдо күресінен халықаралық турнир өтті

Түркістан облысы Шардара қаласында дзюдо күресінен КСРО спорт шебері, 1980 жылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Рысбай Төлеевті еске алуға арналған ХI халықаралық турнир өтті. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірлері мен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен 25-ке жуық команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

Спорт сайысының  ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Серманизов және   спорт сүйер қауымы қатысты.  Жарысты ұйымдастырудағы негізгі  мақсат - жастарды спортқа баули отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.

Турнирдің бас төрешісі Жанпейіс Жабаев: «Рысбай Төлеев -1950 жылы қазіргі Түркістан облысы Мақтарал ауданында дүниеге келген. Жастайынан қазақ күресіне бейім балуан  дюздо күресіне етене жақын болған. Талай шаршы топта ел мерейін үстем етіп, тұғырдың ең биігінен көрінген спортшы  бірнеше  чемпионды тәрбиелеп шыққан азамат еді»,-деп еске алды. Екі күнге жалғасқан бәсекеде 42 мен 81 келі салмақ аралығында бақ сынасқан балуандар боз кілемнің шаңын қақты. Нәтижесінде командалық бірінші орынды «Алмас қылыш» спорт клубының шәкірттері иеленді. 

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1122 times