Воскресенье, 11 Ноябрь 2018 15:22

Түркістан облысы: Шардарада жеңімпаз волейболшыларға құрмет көрсетілді

Шардарада соңғы жылдар бедерінде волейбол спорты жақсы дамып келеді. Әсіресе, жасөспірім қыздардан құралған аудан командасы облыс бойынша бас бәйгені бермей келе жатқанына 3-4 жылдың көлемі болды. 

Қимылы ширақ шардаралық волейболшы қыздар Түркістан құрамасының сапында өнер көрсетіп, республикалық жарыстарда да топ жарып жүр. 2005-2006 жылы туған жасөспірім волейболшы қыздар Петропавл қаласында өткен жазғы республикалық чемпионатта ІІ орынды иеленіп қайтып еді. Жуырда ғана Павлодар облысының Екібастұз қаласында өткен Қазақстан Республикасының күзгі чемпионатында осы команда тағы да үздік өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды бағындырды. Петропавл және Павлодар облыстарынан кейінгі үшінші орынды бағындырған Түркістан облысының құрама командасын толықтай шардаралық волейболшы қыздар құрап отыр.

Сәрсенбінің сәтінде жеңімпаз волейболшы қыздарды аудан әкімі Болатбек Қыстауов арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

– Шардарада армрестлинг, қазақша күрес, гір көтеру сияқты спорт түрлерінен әлем чемпиондары шығып жатқанын жақсы білесіздер. Сол сияқты қыздардан құралған волейболшыларымыз да республика көлемінде жеңіс тұғырынан көрініп жатқаны бізді қуантады. Ел чемпионатына қатысып, жүлдемен оралғандарыңа құтты болсын айтамын, - деді Болатбек Дүйсенбекұлы. 

Аудан әкімі мұнан соң облыс командасының толық құрамын құрап отырған шардаралық жасөспірім волейболшы қыздарға, атап айтқанда, команда капитаны Аяна Кәдірхан, ойыншылар Нейла Тілек, Анар Жарылқап, Айшабибі Айдар, Гүлзира Сейділлә, Мерей Танабай, Айша Сәрсенбек, Ләззат Жұмахан, Мереке Тілек, Дана Мұсабек, Анна Самоусева, Севинч Джиянова есімді спортшылар мен олардың бапкерлері Еркін Қалдаров, Ербол Сәкиев, Нұрғали Айнабековтерге «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтарды тарту етті.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 2273 times