Среда, 19 Июнь 2019 10:05

Түркістан қаласында зағип жандар спорттан сынға түсті

Қос жанары нашар көретіндер спорттың 5 түрінен бақ сынасты. Жыл сайын жалғасын тауып келген облыстық жарыстың биыл ауқымы кеңейген. Қатысушылардың қатары артқан. 

Мүмкіндігі шектеулі болса да, рухы асқақ жандар! Олар әлемдегі сұлулықты көзімен көрмесе де, жүрегімен сезіне біледі. Сайысқа облыс көлемінен 52 қатысушы сынға түсті. Олар шахмат және ұлттық спорт түрлері бойынша кім мықтыны анықтады.

 «Зағиптар арасында өтетін бұл  спорттық шараға облыстың барлық аудандарынан келеді. Атап өтсек, шахмат, шашка, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту. Жыл сайын өткізіледі. Биыл ауқымы кеңейді» дейді облыстық зағиптар бастауыш ұйымының төрағасы Болат Құрманқожай. 

Арыс қалалық «Зағиптар» ұйымының төрағасы Серік Құдайқұлов Арыс қаласының намысын қорғауға келген. Арқан тартудан сынға түсетін қатысушының қос жанары көруден қалған. Алланың сыны деп түсінген азамат өмірден күдерін үзбеген. Тиісінше 12 мүшесі сау жандарға үлгі болып жүр.  «Біздің басымызды қосып, сайыс ұйымдастырған азаматтарға үлкен рахмет айтамын. Біз Арыс қаласынан алты адам келдік. Алты адамның бесеуі тоғызқұмалақ ойнайды» деді ол.

Бір күнге жоспарланған жарыстың қорытындысын арнайы комиссия бағалайды. Жеңімпаз атанғандар Түркістан қалалық әкімдігінің арнайы сыйлықтарына ие болады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 734 times