Понедельник, 19 Август 2019 15:04

Түркістан облысында спортшылар кәсіби мерекесін атап өтті

Еліміздің атақ-даңқын шығарып, мерейін үстем етіп келе жатқан қазақстандық спортшылар кәсіби мерекесін атап өтті. Өңірдегі «Біркөлік» сауықтыру-спорт кешенінде сала үздіктері анықталды. Жемісті еңбек еткен спортшылар мен бапкерлер марапат биігінен көрінді. 

Тәуелсіз еліміздің әлемдік спорт додаларында биіктен көрінуіне Түркістан облысының спортшылары да өз үлесін қосып келеді. Бәсеке болған жерде жұмыс жемісті болмақ. Сондықтан да облысымыздағы аудандық спорт бөлімдерінің ішіндегі үздікті анықтау дәстүрге айналған. Жыл қорытындысы бойынша облыста биыл Түлкібас аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі үздік атанды.

Сала мамандарының мерекесінде кіші футбол, үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылды. Салауатты өмір салты мен әдістемелік құжаттарды бірге игеріп жүрген мамандар да осында. Одан бөлек облыстық олимпиадалық спорт мектептерінің басшылары, қызметкерлері жарыс жолына шығып бақ сынады. Аса қызықты өткен кіші футбол жарысында спорт бөлімдерінің басшыларынан құралған команда бас жүлдені иеленді. Ал күміс жүлдені Түркістан облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиадалық спорт мектебі жеңіп алды. Қола жүлдені облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымы иеленді.

«Келесі жылы спорт күні Токиодағы олимпиада ойындарынан кейін тойланады екен. Соған орай дайындықты пысықтап, жүйелі жарыстар ұйымдастырудамыз. Бұйыртса, келер жылы жеңісті жолмен мерекені атап өтсек деген ойымыз бар» дейді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1562 times