Понедельник, 26 Август 2019 12:36

Түркістандық балуан халықаралық «Толағай сұлтан» сайысында 1-орын алды

Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданында «Толағай сұлтан-2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысы өтті. Жыл сайын облыс көлемінде өтетін сайыс биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. 

Еліміздің әр облысымен қатар Моңғолия мемлекетінен де жалпы 23 білекті де білімді әрі өнерлі жігіт бақ сынасты. Екі күнге созылған жарыста жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күрес, өзін таныстыру, өнер, сұрақ-жауап сынды 8 түрлі бәсекеден сайыстар өтті. Алғашқы күні спорттық сайыста білек күші сыналса, екінші күні спортшылардың білімі мен ой өрісі сынға түсіп, өнерлерін ортаға салды.

Өнері мен білімі, бұла күші мен ептілігі елден асқан 23 жігіт шығыс жұртын спорттық сайыстың қызығына батырып, Көкпекті ауданының аспанын әнмен жырға бөледі.

Осы сайыста Түркістан облысы намысын Созақ ауданының тумасы Әкбар Елубайұлы қорғады. Нағыз жігіттің қасиеті сыналар сайыста қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Әкбар Елубайұлы қазақ күресінен бірінші орын алды. Дүбірлі додада 120 келілік тайыншаны 20 рет көтеріп, жиылған жұртты тәнті етті. Сұрақ-жауап сайысында да білімі мен білігін көрсетті. Әкбар Елубайұлы еркін күрестің ғана шебері емес, жігіттің сұлтаны екенін дәлелдеп, «Толағай сұлтан-2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысында 1-орын алып, 1 000 000 млн. теңге иеленді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1118 times