Пятница, 18 Октябрь 2019 09:11

Шымкентте жеңіл атлетикадан қала біріншілігі басталды

Жасөспірімдер арасында жалауын көтерген жарыс үшінші мегаполис командасын жасақтауға арналған. Соңғы жылдары ел үздігі атана алмай жүрген жерлестеріміз биыл үздік үштіктен көрінудің өзін абырой санап отыр.

Жеңіл атлетика кешеніне жиналған желаяқтар 3 спорт мектебінің шәкірттері. 150-ге жуық 12 жастан 15 жасқа дейінгі спортшылар қашықтыққа секірді. Сондай-ақ, 60 метрге жүгіріп, граната лақтырып өзара мықтыны анықтады.Күн ұзаққа созылған жарыс қорытындысы бойынша қала командасы жасақталады. Одан соң жерлестеріміз ел біріншілігінде Шымкенттің намысын қорғайды. Айта кетейік, қысқы маусымның алғашқы республикалық чемпионаты биыл Қарағанды қаласында өтеді. Жарыс келесі айға жоспарланған.

Ринат Хайруллин, жарыс төрешісі: «Бұл қысқы маусымның алғашқы жарысы. Бұл жарыс бұрын-соңды болмаған ерекше бәсеке болып отыр. Себебі қатысушылар жаттығудың 3 түрінен де өз өнерін көрсетеді. Жаз бойы жинаған тәжірибесін шәкірттеріміз осы жарыста көрсетуге мүмкіндік алды». Соңғы жылдары байрақты жарыстарда жолы болмай жүрген шымкенттіктер биыл үздік үштікке енуді көздеп отыр.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 616 times