Көкпарды аудан әкімі Ә.Жүнісов ашып беріп, өз сөзінде: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық дәстүрімізге терең тоқталып, «Атқа міну мәдениетін» көтерген болатын. Ал, бұл атқа мінуді ата-бабаларымыз ежелден-ақ бойына сіңіріп, кәсіп еткен. Сондықтан болар көкпар, бәйгелер, қыз қуу секілді т.б ат спорт ойындары бүгінге жетіп отыр. Осы ұлттық ойындар жастардың дене бітімі мен денсаулығы үшін өте пайдалы жағын ескере отырып, жасөспірім қазақ балалары мен жастарына үлкен дене тәрбиесінің баспалдағы ретінде қолданады. Сондықтан да қазақ даласында көшпелілердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері көкпардың ел жастарына берер тәлімі жоғары деп санаймын. Бүгінгі додада тұлпарлардың тұяғы сүрінбей, палуандардың қанжығасы майлана берсін!» – деп турнирді ашық деп жариялады.
Жалпы, қазақ халқының ұлттық ойындарын қай жағынан алып қарасақ та, спорттың ең негізгі түрлері екенін аңғарамыз. Қазақ пен жылқы егіз ұғымға айналып кеткен. Сондықтан сайын даланы теңселткен көкпар ойынымен бірге қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Атадан балаға мирас болған көкпар ойыны халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін ұлықтайтын аламанда жалындаған жастар бар күш-қайраттарын көрсетті. Қызу тартысты өткен ойынның нәтижесінде жергілікті Отырар ауданының құрамасы 3-орынды қанағат тұтса, Қазығұрт ауданының құрамасы 2-орыннан көрінді. Елдігімізді танытып, тұлпар киесі сынға түскен бәсекеде жүзден жүйрік шыққан сәйгүлік иелері мен тақымы тастай Сайрам ауданынан келген шабандоздар 1-орынды иеленді. Жеңімпаз командалар арнайы сыйлықтармен марапатталып, аудан әкімінің кубогі табысталды. Жарыс соңы жаппай көкпарға ұласты.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.