Понедельник, 11 Ноябрь 2019 01:23

Түркістан облысы: Отырар ауданында ашық біріншілік өтті

Тәуелсіздікті тұғырлы етуге қажетті барлық мемлекеттік нышандар түгелденген тұста азат еліміздің өмірінде жаңадан мәслихаттар жасақталып, жұмыстарын бастаған еді. Міне, осы оқиғаға биыл 25 жыл толып отыр. Өткен сенбі күні мәслихаттардың ширек ғасырлық мерейтойына орай "Оқсыз" спорт кешенінде аудандағы мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан дүбірлі жарыс болып өтті. 

Салтанатты жағдайда ашылған тартысты спорт сайысына аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтар арнайы қатысып, халық денсаулығын нығайтуға септігін тигізетін спорт түрлерінің маңыздылығына тебірене тоқталып, жарысқа қатысушыларға жеңіс пен сәттіліктер тілеген ізгі ниеттерін білдірді. Жалпы, мерейтойлық жарысқа 15 команда қатысса, бірінші орынды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің командасы иеленіп, мерейлері үстем болды. Ал екінші орын "Оңтүстік-Жарық" мекемесінің командасына бұйырса, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің командасы үшінші орынға белгіленген жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ дүбірлі додада өз шеберліктерін паш еткен жекелеген спортшылар да арнайы марапаттарға ие болды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 587 times