Аймақ басшысы Салыхан Сабырұлы: «Созақтың ғана емес, тұтас елдің беделін көтеріп, биіктен көрінген барлықтарыңызға өз атымнан және аудан халқының атынан алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да, осы деңгейден түспей, биіктен көрінулеріңізді тілеймін. Біз сіздермен мақтанамыз»,- деді. Елдің атын шығарып, әлемдік додада мемлекет мерейін асырған чемпиондарды Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыс етті. Айта кету керек, гір тасын көтеру шеберлері Сербия мемлекетінің Нови-Сад қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатынан 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алды. Бұған дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанған Қобыланды Орынбасаров 73 келіде тұғыр биігінен көрініп, жастар арасында әлемнің 3 дүркін чемпионы атанды. Бұл, әрине, таңдай қағып, қол соғатын табыс. Қоссайыстан 85 келі салмақта Ахмет Ерболат қарсыластарының бәрінен басым түсіп, тұңғыш рет жастар арасында Әлем чемпионы болды. Қобыланды Орынбасаров пен Ерболат Ахметті бала кезден бауырына басып, спортқа тәрбиелеген ардагер спортшы, Азия, Әлем чемионатында қоржынға медаль салған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұрат Серікбаев гір тасын көтеру спортынан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында серпке көтеруден күміс медаль, қоссайыстан қола медаль иеленді. Сербиядағы әлем чемпионатына, төрткүл дүниенің 33 мемлекетінен 600-ден астам спортшы қатысты.
Әзірбайжанның астанасыБаку қаласында 8-9 қазан күндері грепплингтен әлем чемпионы өтті. Чемпионат грепплинг ги және грепплинг ноу ги түрлері бойынша ұйымдастырылды. Айтулы жарыста Қуандық Ерғараев грепплинг гиден Әлем чемпионы атанды. Жерлесіміз 66 келі салмақта өнер көрсетіп, қарсыластың бәрін тұқыртып, тұғыр биігінен көрінді. Қуандық Ерғараев – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы. Бала тәрбиелеп қана қоймай, өзі де кілем төріне шығып, елішілік жарыстардың жеңімпазы атанып жүр. Міне, бүгін әлемнің үздігі атанды. Қуандықтың қоржынында тағы бір медаль бар. Ол грепплинг ноу гиден әлемнің қола жүлдегері. Ауданға грепплингті алғаш алып келіп, артынан ерген інілеріне үлгі болып жүрген Мыңжасар Алпамыс әлем чемпионатында 84 келі салмақта грепплингтің ги және ноу ги түрінен қола жүлдеге ие болды. Қоржында 1 алтын, 3 қола бар. Тағы бір жерлесіміз Ұласар Мұқаш, әлемнің үздік 5 спортшысының қатарынан көрінді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.