Жамалбек Қозыбақов атындағы көркі көз тартатын ғимарат алыстан мен мұндалайды. «Тау баласы тауға қарап, өседі» демекші, тау бөктерінің етегінен еңсе тіктеген нысанның ашылуына жиналған жұрттың қарасы қалың. Спорттық сауықтыру орталығының лентасын қоғам қайраткері, бокстан КСРО шебері Амалбек Тшанов пен аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қиды. «Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай ашылып отырған бұл нысан біздің ауданның айшықты ғимараты болмақ. Орналасу аймағы да өте керемет. Нағыз спортпен шұғылдануға ыңғайлы» - деді Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков.
Су жаңа кешенде ауыл тұрғындары мен жастар бокс, грек-рим күресі, дзюдо, шахмат және дойбы сынды спорт түрлерінен шұғылдана алады. Сондай-ақ, мұнда футбол алаңшасы да қарастырылған. Былтыр құрылысы басталып, биыл ел игілігіне берілген нысанның бой көтеруіне жеке кәсіпкер Момбек Қозыбақұлы ықпал етіп отыр. Бір мезетте 100-ге жуық спортшы жаттыға алатын орталықта бар жағдай жасалған. Әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылуына ұлтымыздың ту жықпас тарландары да қатысты. Жалпы биылдың өзінде Түркістан облысында 11 ірі спорт кешені ашылған. Ал, Төлебиде 365 спорт нысаны бар. Оларда 35 мыңнан астам тұрғын шынығып жүр.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»