Пятница, 06 Декабрь 2019 13:05

Түркістан: жас спортшылар ерледі

Түркістан облысының №1 олимпиадалық спорт мектебінің бір топ шәкірттері Азия чемпионаттарынан туған елге олжалы оралды. Жеңімпаз шәкірттерді мектеп директоры Нұрлан Ақсақалов қабылдап, құрмет көрсетті.

Түркістан облысының №1 олимпиадалық спорт мектебінің шәкірті Әди Серікұлы Тайпей елінің Тайчунг қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасында аяқталған Азия чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. 41 келі салмақта боз кілемде белдесетін жерлесіміз сонымен қатар, Ресейдің Кросноярскі қаласында Бубайсар Сайдиевтің жүлдесіне арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында жалауы желбіреген халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды. Бұл додаға шәкіртінің нағыз бабында барғанын бапкері Нұрабдин Мұсабеков мақтанышпен айтса, жас балуан халықаралық күрес додасынан көңіліне көп нәрсе түйгенін алға тартты.

Төртжылдықтың басты додасы- олимпиада ойындарында күрес –жарыстың көркін қыздырады. Еркін және грек рим, әйелдер күресін дамытуда Түркістан облысында бірқатар игілікті істер атқарылуда. Облыстық №1 олимпиада спорт мектебінің директоры Нұрлан Ақсақалов алда атқарылар тындырымды тірліктермен, ұжымның жеткен жетістіктерін көпшілікке жеткізді.Талантты шәкірттердің бірі Абдулла Патиев Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында сары құрылық елдерінің жас спортшылары арасында аяқталған Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 50 келі салмақтағы дарынды балуан қыз Лаура Ғаниқызы Тайпей елінде өткен еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы құрлық жарысында қола жүлдегер атанды. Бұл жетістік ұжым мен бапкерлер Аубакир Дүйсенбаев пен Рүстем Ермекбаевтың ерен еңбектері.

AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 1120 times