Пятница, 22 Ноябрь 2019 10:56

Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында волейболдан турнир өтті

Бәйдібектіктер жасындай жарқылдап, дүниеден жастай өткен спортшыларды еске алды. Жастар жылы аясында спорт саңлақтарының құрметіне арнап волейболдан турнир ұйымдастырды. Бақтияр Жақсылық, Мұхит Сатманов және Есенғали Ибраймов көзі тірі болғанда әлі талай көк туды желбіретер еді. 

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айкен Темір жастай жалындап өткен өрендерді көпке үлгі етті. «Өлі разы болмай тірі байымайды» демекші, аталмыш шараны ұйымдастырған жастарға алғысын білдірді. Спортшылардың ата-аналарына құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Спорттық сайыстарда аянбай тер төккен саңлақтардың жарқын естеліктерін сөз етіп, ерекше азаматтық қасиеттерін еске алды.

Жарысқа Бәйдібек ауданының барлық ауыл округтерінен командалар қатысты. Олар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске лайық екенін танытты. Жарыс қорытындысы бойынша Боралдай, Ақбастау, Шаян командалары жүлделі орындардан көрінді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Сайыс соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда М.Әуезов атындағы мектеп оқушылары мен әншілер сағыныш сарынындағы әндер орындап, көрермен жүрегін  тебірентті.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 827 times