Понедельник, 25 Ноябрь 2019 13:10

Түркістан облысында республикалық турнир аяқталды

Қазақ күресінен Төле би баба құрметіне арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнир аяқталды. Ұлттық спортымыз ұлықталған жарысқа еліміз бойынша жүзге жуық балуан қатысып, бақ сынасты. Айта кетейік, бұл турнир осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. 

Республикалық деңгейде жалауы желбіреген бұл сайысқа Түркістан облысының әр өңірінен, сонымен қатар еліміздің барлық аймағынан жас қырандар шақырту алып, күш сынасты. Айта кетейік, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ұлттық ойынды әлемдік аренаға алып шығуы мақсатында игілікті істерді жүзеге асырып келеді. Қазақ халқының Төлебиін ұлықтап отырған бұл турнир осы сөзіміздің дәлелі болса керек. 

Белдесуде барлық қарсыластарының жаурынын жерге тигізіп, қара үзген 38 келідегі Леңгір қаласының балуаны Лес Нұрсат жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатаржеңімпаздар қатарында 42 келіде бақ сынасқан Ұлттық спорт мектебінің шәкірті Мұхтар Әлиев алтын медальді қанжығасына байлады. Жарысқа арнайы келген Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бағдәулет Сәбитов жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтты.

Дүбірлі додада үздік деп танылған жасөспірімдер туринр ұйымдастырушылары атынан арнайы медальдармен және кубокпен марапатталды. Сондай-ақ осы жарыс арқылы жас өрендер қазақ күресінің дамуына өзіндік үлестерін қосты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 733 times