Среда, 27 Ноябрь 2019 13:14

Түркістан облысы: Арыста заманауи спорт нысаны ел иігілігіне берілді

Арыс қаласында халықаралық талаптарға сай жабдықталған жаңа спорт кешені ашылды. Орталықта бір мезетте 100-ге жуық спортшының жаттығу жасауына толық мүмкіндіктер қарастырылған. Заманауи кешенде бір спорттық ойындар өткізетін және екі күрес залы бар. Нысан "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының демеушілігімен салынып, өңір тұрғындарының игілігіне берілді. 

Жаңадан бой түзеген ғимарат арыстықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқара арасындағы спорттың дамуына негіз болмақ. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Оны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ салып берді. Кешеннің ашылуына қатысқан Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев демеуші компанияға алғысын білдіріп, көпшіліктің атынан рахмет айтты. Компания бұдан бөлек рухани астанада бірқатар спорт кешендерін салып жатыр. Соның бірі – Түркістандағы орталық спорт кешені. Арыстықтардың қуанышына ортақтасқан «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Арман Жетпісбаев кешенінінің жергілікті жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға мол септігін тигізетінін тілге тиек етті.

Темір жолшылар қаласынан талай спорт саңлақтары шықты. Соның бірі былайғы жұрт «Күміс қыз» деп еркелететін ауыр атлетикадан тұңғыш олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл да – осы қаланың тумасы. Спорттың алты түрін қамтитын жаңа мектепте жүздеген ауыл баласы жаттығатын болады. Болашақта олардың арасынан да ел намысын қорғар талай дүлділдердің шығары анық. Жалпы облыс аумағында биылдың өзінде халықаралық талаптарға сай келетін дәл осындай үш бірдей кешен ашылды. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев келер жылы тағы осындай 11 кешен салынатынын атап өтті.
Арыс оқиғасы дүйім жұртты біріктірді. Ел басына күн туғанда көпшілік аянып қалмады. Бұл сол бірліктің тағы бір нышаны. Жалпы тоғыз жолдың торабында жатқан шағын қаладан әлемдік аренаны мойындатқан спортшылар шыққан. Бүгінгі буын еркін күрестен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, Арыс қаласының мақтанышы Ықылас Махмудкәрім өзінің қуанышымен бөлісті.
Жаңадан ашылған спорт кешенінде ауыл жастары спорттың бірнеше түрінен өнер көрсетті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұжымы ел игілігіне берілген бұл кешен бұқара арасындағы спорттың дамуына барынша жол ашатынына сенімді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 819 times