Суббота, 17 Ноябрь 2018 06:42

Түркістан облысында сот саласындағы цифрландыру жүйесі сәтті жүзеге асырылуда

Қазақстанның сот жүйесін дамыту бойынша айқындалған жеті басым бағыттың  бірі «Е-Сот» жобасы шеңберінде «Виртуалды сот» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Аталған жоба аясында тараптар смартфондарына орнатылған «TrueConf» қосымшасы арқылы сот процесіне бейнебайланыс арқылы онлайн режимде тікелей қосыла алады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, сот процестерін виртуалды өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жойып, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдеп, сот төрелігіне шексіз және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді. «Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дыбыс-бейне жазба құрылғыларымен облыс бойынша 14 650 іс қаралса, өткен жылдың тиісті кезеңінде 12 033 іс шешімін тапқан. Сондай-ақ, жыл басынан облыстың аудандық және оған теңестірілген соттарға барлығы 29 368 талап қою арызы түсіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға кеміген. Ал татуластыру рәсімдері қолданылып жалпы саны - 1045 іс аяқталды. Бұл барлық қараумен аяқталған істердің 3,8 пайызын құрайды», - деді Бүркіт Жұмабайұлы.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Түркістан облыстық сотының судьясы Аянбек Тоқсанбаевтың айтуынша, сот қызметін оңтайландыру, халыққа ыңғайлы, ашық, қолжетімді етуге бағытталған «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы аясындағы пилоттық жобаларды өңірде қолданысқа кеңінен енгізу үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылған. «Түркістан облысы бойынша мамандандырылған соттардың ғимараттарында медиация кабинеті, фронт-офистер ашылды. Орталық арнайы техникамен жабдықталған және азаматтарға сотқа беретін арыздардың тәртібі туралы ақпарат алуға, медиатормен немесе адвокатпен кеңесе отырып, құқықтық мәселелердің шешімін табуға, сондай-ақ, сотта қаралып жатқан өтініштердің мән-жайы туралы білуге мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, медиаторлар мен адвокаттарға және азаматтарға іспен танысуға арналған кабинеттер қарастырылды. Орталыққа келушілер қажетті ақпарат алып, сотқа қажетті құжаттарын тапсыра алады. Бұдан бөлек, тіркеу талоны бойынша «Сот кабинеті» сервисі арқылы істің барлық қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндігі бар», - деді Аянбек Бекежанұлы. Айта кетерлігі, «Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өңірде «Судья көмекшісі» пилоттық жобасы іске қосылған. Жобаның негізгі мақсаты - соттар жұмысының тиімділігін арттыру, сот төрелігінің сапасын жақсартып, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыстарын оңтайландыру.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 1539 times