Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астаналық Хабты басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Transparency Kazakhstan» ұйымының атқарушы директоры О.Шиян, республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы А.Соловьева, республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі М.Қарғабай, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан елдерінен келген уәкілетті органдарының өкілдері, ғалымдар, Министрліктердің жауапты хатшылары,Әдеп жөніндегі уәкілдер, қала/аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Халықаралық форумның шымылдығы қазақ болмысында ертеден қалыптасқан асыл қасиеттер - «Адалдық. Парасаттылық. Әділдік. Сенім» тақырыбында арнайы дайындалғанбейнероликпен түрілді.
Жалпы саны 700-ге жуық адамды қамтыған форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінің озық тәжірибелері талқыланып, жүзеге асырылып жатқан тың жобалар мен тиімді әдіс-тәсілдерталқыланды. Бұл жиында алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімінің м.а. Ұлан Тәжібаев «Елбасының тарихи шешімімен жаңа облыс болып құрылған Түркістан жерін жемқорлықтан азат етіп, адалдықтың мекеніне айналдыруда бүгінгі Халықаралық форумның тигізер үлесі зор» деп, өзінің пайымды ой-пікірін білдірді. Форумға арнайы келген АҚШ, Түркия, Әзірбайжан және Түркіменстан елдерінен келген уәкілетті органдар өкілдері өз елдеріндегі, ал халықаралық сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері Қазақстандағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, тұшымды ойларын ортаға салды.
Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі форум сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға тың серпін беретін диалог алаңына айналды. Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған форум соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің және Департамент қамқорлығындағы Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілерінің қатысуымен түсірілген «1424» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі жиынға қатысушылар назарына ұсынылып, көрермен көңіліне терең ой салды.
Бұл форум алдағы уақытта да еліміздің рухани астанасында өз жалғасын тауып, шетелдік сарапшылардың белсене қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады. Бүгінгі өткен Халықаралық форум түркі жұртшылығының түп қазығына айналған тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағына айналдыруға бірден-бір негізгі қадам болмақ.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.