Вторник, 26 Ноябрь 2019 16:44

Түркістан облысында кезекті халықтық кеңсе ашылды

Рухани мекен Түркістан өңірінен полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін әрі азаматтарың өтініштерін жедел қарайтын тұрғындар үшін тағы да бір халықтық кеңсе ашылды. Халықтық кеңсенің лентасын ҚР Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Қоғамов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ төрайымы А.Соловьева және Нью-Йорк қаласының үздік полицейі атанған Д.Ниязов салтанатты түрде қиды. 

Сондай-ақ салтанатты рәсімге Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Х.Көшқалиев, Полиция департаментінің бастығы Қ.Дәлбеков, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Базарқұлов, ІІО-ның ардагерлері мен жеке құрам қатысты. Халықтық кеңсенің ашылу рәсімінде ішкі істер органдарында көп жылдар еңбек еткен ардагер, заң ғылымдарының ардагері М.Қоғамов: «Полицияның ашықтығы мен қолжетімділігі тұрғындар үшін тиімді бастама» - деп айтты.

Салтанатты жиын барысында полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты 16 қала-ауданда тұрғындар үшін заманауи үлгідегі халықтық кеңселер ашылғанын, халыққа ыңғайлы кеңселерде осы уақытқа дейін мыңнан аса азаматқа көмек көрсетілгенін атап өтті.
Аталған фронт-офисте жеке құрам және тергеу, әкімшілік полиция құрылымы, құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары тұрғындарды қабылдайды. Яғни әрбір арыз-шағым кезексіз осы жерде қаралып, тиісті мамандарға жолданатын болады.

Айта кетейік, азаматтар аптаның дүйсенбі мен жұма күндері аралығында таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейтін кеңсеге келіп, полиция қызметіне байланысты сұрақтарына жауап, мәселелеріне құқықтық-кеңестер алады. Іс-шараға қатысқан қонақтар полицейлердің халық игілі үшін атқарып жатқан ауқымды істеріне оң бағасын берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 715 times