Понедельник, 24 Декабрь 2018 09:07

Түркістан облысы: Төлеби ауданында жеті медициналық тірек ашылып, орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Төлеби ауданының Оңтүстік елді мекеніндегі құрастырмалы-қаңқалы модульдік конструкция әдісімен салынған медициналық тірек халық игілігіне берілді. Салтанатты шараға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков қатысты. 

Небәрі 2 айдың ішінде бой көтеретін заманауи бекеттер неміс технологиясымен жасалған. Онда фельдшер, дәрігер-терапевт және медбике қызмет көрсетеді. Осылайша ауыл тұрғындары алғашқы көмекті алысқа бармай-ақ қолжетімді жерден ала алады. Жалпы алаңы 125 шаршы метр болатын, медициналық құралдармен толық жабдықталған медициналық тіректің құны 30 млн. теңгені құрайды.

Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек қағидаларын бекіту туралы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығына сәйкес ШЖҚ «Төлеби аудандық ауруханасы» МКК-ның қабылдау және жансақтау бөлімі ауруларды қабылдауға ыңғайлы, науқастарға жайлы орынға көшірілді. Қабылдау бөлімі кіші ота бөлмесі, экспресс зертхана, шұғыл диагностика бөлмесі (УДЗ, рентген, ФГДС), науқастарды саралауға ыңғайландырып 3 көпфункционалды кереует орнатылды және балаларды қарау бөлмесі де ашылды. Науқастарды «триаж» системасына сәйкес жоспарлы қабылдайтын және шұғыл түрде қабылдайтын посттар ашылды. Жүкті әйелдерді қарау, шұғыл түрде босандыру бөлмесі және аса қауіпті инфекцияға күдікті науқастарды саралау бөлмесі ашылды. Бөлім ортақтандырылған оттегімен тыныс алу жүйесімен жабдықталды. Ауруларды қабылдайтын автокөлікке арналған пандусты эстакадалық жол жаңадан салынды.

Емханаға келген науқастар өз кезегін күту үшін арнайы зал ашылып, ол электронды мониторлармен, дауысты хабарлағыштармен және жайлы орындықтармен жабдықталды. Осылайша тіркеу бөліміне келген науқастар мен медициналық қызметкерлер арасында бөгетсіз қабылдауға жағдай жасалды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 2637 times