Суббота, 15 Июнь 2019 09:41

Түркістан қалалық орталық ауруханасы заманауи техникамен жабдықталды

Түркістан қалалық орталық ауруханасында «Инсульт орталығы» және «Триаж» жүйесімен жабдықталған жаңа қабылдау бөлімінің ашылуы өтті. Аурухананың жұмысымен танысуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қатысты. 

Орнатылған электрондық кезекпен ауруханаға келген науқастар өздерінің ауруханаға жату кезегін, лабораторияға, рентген кабинетке, тексерілуге келген науқастар өз кезегін біліп отырады. Ақпараттық киоск (инфокиоск) арқылы науқастардың туыстары жоспарлы және жедел түрде өздері немесе жедел жәрдем бригадасымен келген науқастардың қай бөлімшеде қашан жатқанын білуіне мүмкіндік қарастырылған.

«Триаж» жүйесі бойынша медициналық іріктеу үздіксіз және сабақтастықпен жүргізіледі. Бір пациенттің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін пациенттер арнайы түрлі-түсті лента түріндегі іріктеу санатының бір түсімен белгіленеді.

Медициналық іріктеуге сәйкес, шартты түрде пациенттер 3 топқа бөлінеді: бірінші топ (жасыл аймақ) – медициналық көмекті аздап қажет ететін және одан әрі амбулаториялық емделу үшін үйіне жіберілген пациенттер және жоспарлы емдеуге жатқызылған науқастар; екінші топ (сары аймақ) – қабылдау бөлімшесіндегі төсекте жатқан шұғыл немесе кезек күттірмейтін көмек көрсетуді қажет етпейтін, сондай-ақ диагнозын нақтылау мен саралауға қалдырылған науқастар; үшінші топ (қызыл аймақ) – қабылдау бөлімшесінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қажет ететін науқастар.

«Көмек» медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламасымен ЖМЖС (жедел медициналық жәрдем стансасы) интеграция жүргізілді. Жедел жәрдем бригадасы алып келе жатқан науқас туралы толық ақпарат аурухананың қабылдау бөлімінде көрініп тұрады. Аурухананың қабылдау бөліміндегі «SOS» бағдарламасы батырмасын басу арқылы дәрігерлерді және зертхана маманын шұғыл көмекке шақыруға мүмкіндік береді. Медицина саласының қызметкерлері Кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен (КМАЖ) жұмыс істейді. Қазірдің өзінде науқастардың барлық құжаттары электрондық түрде (қағазсыз) жүргізіліп жатыр.

Жаңадан сатып алынған «Aquilion Prime SP-160» компьютерлік томографы жоғары сапалы «CANON» технологиясы негізінде әзірленген. Ерекшеліктері, «Aquilion Prime SP» компьютерлік рентгендік сканер 78 см кеңейтілген апертураға ие. Экспозициялық бақылау және итеративті реконструкция сәулеленудің дұрыс деңгейімен жақсы сападағы айқын кескіндерді алуға мүмкіндік береді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 730 times