Воскресенье, 16 Июнь 2019 10:13

Түркістан облысы: 100 дәрігер шипажайға жолдама алды

Түркістан облысында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина қызметкерлері қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған ақ желеңді абзал жандарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапаттады. Түркістан облысының дәрігерлеріне облыс әкімінің атынан шипажайға 100 жолдама табыс етілді. 

Сондай-ақ бірнеше дәрігерге «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері тапсырылды.

«Түркістан облысы әкімінің атынан үздік дәрігерлер, өз ісінің шеберлері шипажайға 100 жолдама алады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша және 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы халық денсаулығының негізгі индикаторлары бойынша Сіздердің әрқайсыңыздың жұмыстарыңыздың арқасында Түркістан облысында оң серпін байқалады. Мемлекет қолдауының арқасында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бұл жаңа, заманауи ауруханалар мен емханалардың құрылысы, сондай-ақ медициналық мекемелердің заманауи материалдық-техникалық жарақтандырылуы», — деп атап өтті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.

Мерекеге орай Түркістан медицинасының ең лайықты өкілдері марапатталды. Биыл өңірдің денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, Денсаулық сақтау министрлігінің медальдары, облыс әкімінің грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне ноутбук берілді.

Салтанатты шарада жүзге жуық медицина қызметкері ҚР ДСМ, Түркістан облысы әкімінің алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды, 2 дәрігер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік терапевт», «Үздік хирург», «Үздік акушер-гинеколог», «Үздік педиатр», «Үздік функционалдық диагностика дәрігері», «Үздік зертханашы» және «Үздік ауылдық дәрігер»марапатталды.

«Үздік емхана» атағын Түркістан қаласының орталық емханасы иеленді, ал «Жылдың үздік ауруханасы» болып Шардара ауданының орталық ауруханасы атанды. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев аймақтың денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін айтарлықтай қаражат бөлінетінін атап өтті.

«Мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырған денсаулық сақтау саласын биыл материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары күтіп тұр. Сондай-ақөңірдің медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға күш саламыз», - деді М.Егізбаев.

 «AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 737 times