Пятница, 19 Июль 2019 14:26

Түркістан облысы: медициналық қызметтерді сатып алу цифрлық форматқа өтеді

Медициналық қызметтерді сатып алу цифрлық форматқа өтеді. Бұл процестің ашық әрі әділетті өтуі үшін қолға алынған. Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберіндегі қызметтерге тапсырыс беруші әрі халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлеуші. Қызмет көрсетушілерді таңдау мен келісімшарт бекіту ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 591 бұйрығы негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсететін жеткізушілерді республикалық және аймақтық комиссиялар іріктейді.

Комиссия құрамында қор, денсаулық сақтау басқармалары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпорын палатасы және пациенттер мен медицина ұйымдарының мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар бар. Ондағы мақсат – процестің ашық, әділетті жүргізілуін қамтамасыз ету. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтың айтуынша, қор жұмысы толығымен цифрландыруға көшіп жатыр. Осыған байланысты бүгінде медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу мен қызмет сапасын бақылау процесін онлайн режимде жүргізу үшін қазір Қордың ақпараттық жүйелері әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, қор жыл соңына дейін медициналық қызметтерді сатып алудың цифрлық форматына көшеді. Бұл процесс «Электронды мемлекеттік сатып алулар» жүйесі арқылы жүзеге асады. Биылдың өзінде жеткізушілерді онлайн форматта таңдауға мүмкіндік беріледі.

Ал, медициналық қызметтерді пайдаланушылар қызмет көрсететін медицина ұйымдары жайлы мағлұмат алады. Қор мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы онлайн-бақылап отырады. Бұл шара медициналық сақтандыру қоры үшін де, медицина ұйымдары үшін де құжат рәсімдеуге кететін уақытты үнемдейді. Сонымен қатар, медицина ұйымдарын қағазбастылықтан арылтып, уақыттарын тиімді жұмсауға септігін тигізеді.

 

  «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Read 845 times