Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, елімізде медицина саласына бөлінетін қаражат көлемі артады. Мәселен, биыл бұл салаға 1,2 трлн. теңге бөлінсе, келер жылы бұл қаражат көлемі 1,5 триллион теңгені құрайды. Сол қаражаттар есебінен дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы өседі. Шымкент қаласындағы сапары кезінде перинаталдық орталықтың жұмысымен танысқан министр бас дәрігерге маман тапшылығын жою үшін, дәрігерлердің жалақысын көтеруді ұсынды. «Дәрігер-реаниматологтың жалақысы 300 мың болса, бұл сомманы 600 мыңға дейін көтеріңіз. Қажетсіз шығындарды азайтыңыз. Сол қаражатты жетіспей жатқан мамандарға төлеңіз. Дәрігер-реаниматологтардың жалақысын 500-600 мыңға дейін жеткізу керек»,- деді Елжан Біртанов. Министр сондай-ақана мен бала денсаулығын нығайтуға арналған бірқатар шараның барысына тоқталды. Елжан Біртанов перзентхана басшылығына емдеу барысындағы жоспарлардың орындалу барысын қадағалауды қатаң тапсырды.
Айта кетейік, қалалық перинаталдық орталықта жылына орташа есеппен 8 мыңға тарта сәби дүние есігін ашады. Бұл перзентханада көбіне мерзімінен бұрын шақалақтар дүниеге келеді. Бүгінде медициналық ұйымда 400-ден аса медициналық қызметкер жұмыс атқарады.
Министр сапары барысында қаладағы кариологиялық орталық пен онкологиялық ауруханаға да барып, дәрігерлермен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде Елжан Біртанов дәрігерлердің жұмысы онсыз да ауыр екенін, олардың жұмысына деген көзқарасты өзгерту керектігін атап өтті. Қала басшылығына көпсалалы аурухана ашу қажеттігін атап өтті. Науқастарға алғашқы көмек көрсетуге барлық емдеу мекемелері жұмылып жұмыс істеу қажеттігін ескертті.
Шымкенттегі 1000 орындық көпбейінді аурухана құрылысының жоспарымен де танысты. Жаңа ғимараттың 6 корпусы болады. Хирургиялық, терапевтік орталық, ана мен бала орталығы,сондай-ақпатологоанатомиялық бюро, сот-медициналық сараптама және шұғыл медициналық, санитарлық көмек орталығы бар.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шымкент қаласындағы іссапары барысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттерімен кездесті. Жастармен жүздескен министр білікті медицина маманы болу үшін терең білім алу қажетігін айтып, болашақ дәрігерлерге зор сенім артатындығына ерекше тоқталып өтті.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.