Атап айтар жайт, медициналық пойыздар негізінде көрсетілетін қызметтер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан қаржыландырылады. Дәстүрлі жобаны «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы 195 стансаға аялдайды. Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр. Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған пойыздарда көрсетілетін медициналық көмек тізімінде: салалық мамандардың кеңесі (терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, онколог т.б.), түрлі зерттеулер мен диагностика түрлері (УДЗ, қан талдаулары, флюорография т.б.), кішігірім хирургиялық операциялар мен стоматологиялық қызметтер және тағы басқалары бар.
Консультациялар барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары МӘМС жүйесінің артықшылықтары, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік мнедициналық сақандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы толық мәлімет ала алады. Пойыздың кестесі fms.kz сайтында жарияланған. Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын МӘМС пакетінің операторы болып табылады. Тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру міндеті 2018 жылдан бастап Қорға жүктелген болатын. Ал, міндетті сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылдан басталады.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»