Түркістан облысының тұрғындарының саны 2 миллионнан асады. Оның 58 пайызы еңбекке жарамды. Бұл азаматтар жалақыларынан медициналық сақтандыру жүйесіне ай сайын төлем аударуы қажет болады. Ал зейнеткерлер, еңбекке жарамсыз және еңбек жасына жетпегендерге мемлекет тегін медициналық көмек көрсете береді. Бұл бағытқа келер жылы облысымызда 105 млрд. теңге қаржы жұмсалады.
Президент биылғы жолдауында 2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілу керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты облыста қолға алынған жұмыс алқалы жиында талқыланды.
«Сайрам, Созақ аудандарында жұмыс таяу арада аяқталады. Мақтаарал, Сарыағаш, Ордабасы, Отырар аудандарында жұмыс жүйесіз» - деді Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.
Жүйені енгізуге аз уақыт қалды. Сондықтан бұл мәселені тездетіп ретке келтіру қажет. Жиын барысында аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге тапсырма берілді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.