Базасында бірыңғай Call-орталығы ұйымдастырылды. Мұнда халықтан тәулік бойы шақыртулар қабылдануда. Call-орталықта бір ауысымда 15 диспетчер қоңырау қабылдаса, 7 қызметкер шақыртуды бригадаларға бағыттап отырады. Түскен шақыртулар «КӨМЕК» автоматтандырылған басқару жүйесімен өңделеді. Біріңғай 103 нөміріне қоңырау шалғанда диспетчер белгілеп жазып алатын нәрселер: науқастың аты-жөні, жасы, жынысы; науқастың жағдайы, оқыс оқиға, апат, жарақаты туралы толық мәлімет; мекенжайы мен телефон нөмірі, сондай-ақ науқастың орналасқан жері туралы бағыт-бағдар. Қоңырау шалған уақыттан бастап диспетчер алынған мәліметті шақыру санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырғанға дейін уақыт 5 минутты құрайды. Әрі қарай ҚР ДМ 03.07.2017 жылы шыққан «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» №450 бұйрығына сәйкес, жедел жәрдем қызметкерлері 4 жеделдік санат бойынша көмекке жол тартады.
Атап өтер болсақ, адам өміріне төнген тікелей қаупіне қарай 1-жеделдік санаты бойынша жедел жәрдем қызметі он минутқа дейін жетеді. 2-ші жеделдік– он бес минутқа дейін. 3-жеделдік санаты – отыз минутқа дейін. Ал, 4-жеделдік санаты бойынша созылмалы ауруының асқынуынан туындаған және науқастың денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін жағдайда алпыс минутқа дейінгі уақытта жетеді. Әр желілік жұмыс тобында тікелей Call-орталықтан шақыртуды қабылдау планшеттері (комуникатор) бар.Барлық автокөліктер GPS-навигаторларымен қамтылған. Бұл өз кезегінде әр бригаданың қай жерде екенін онлайн режимде 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік береді. Тәулігіне орталыққа 3500-ге жуық қоңырау түседі.
Сонымен қатар Call-орталықта 2 дәрігер тәулік бойы науқастарға және желілік бригадаларға медициналық кеңес береді. Облыс бойынша жедел жәрдем қызметінің басшылығы алдағы уақытта аталған қызметтің әрі қарай жетілдіріле түсетіндігін баяндады. Қызмет жыл соңына дейін қосымша 20-дан астам жедел жәрдем көлігімен қамтылатын болады. Қазіргі таңда шамамен 50 көліктің жетіспеушілігі байқалады. Жалпы, Түркістан облысының тұрғындарына 123 желілік бригада (39 дәрігерлік, 84 фельдшерлік) және 70 емхананың медициналық алғашқы санитарлық бригадалары қызмет көрсетуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.