Ордабасы аудандық білім бөлімін айыптаған М.Байгазинаның сөздері жала боп шықты

Осыдан бір апта бұрын Марзия Байгазина деген «Фейсбук» әлеуметтік желісінің қолданушысы Ордабасы ауданының білім бөліміне, соның ішінде басшысы Шұға Нұрабаева мен бөлімнің бас маманы Алмас Каюповке ауыр айыптар таққан-ды. Оның пікірінше, Ордабасы аудандық білім бөлімі мұғалімдерді 1-ші немесе жоғары санатқа өткізу үшін белгілі бір сомада пара талап етіпті-міс. Тіпті, осының арқасында бас маман Алмас Каюпов шетелдік қымбат көлік мініп алыпты деген болатын. Таяуда аталмыш мәселенің ақ-қарасын білейік деп Ордабасы ауданының білім бөліміне бардық. Бөлім басшысы Шұға Нұрабаева мен кадр жөніндегі бас маман Алмас Каюпов мәселенің мән-жайын жақсылап түсіндіріп берді. Ең бастысы, М.Байғазинаның таққан айыптары жала, жоқ жерден шу шығару екеніне көзіміз жетті. 

МЮНХАУЗЕН ӨТІРІКТЕРІ ЖОЛДА ҚАЛАДЫ немесе күні кеше шатқалдарға қатысты желдей ескен екпінді сөздің аяғы күбір-сыбырға айналып барады

Оңтүстіктің оныншы әкімі Жансейіт Түймебаевтың алғаш қолға алған шаруаларының бірі Шымкентті атына сай жасыл желегі жайқалған қалаға айналдыру болды. Құптарлық қадам. Көпшілік бір ауыздан қолдады. Ұзамай арнайы «Шатқал» бағдарламасы қабылданып, қызу іс басталып та кетті. Қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосыновтың есебі бойынша Шымкент аумағында 47 шатқал бар екен. Олардың жиынтық көлемі «ҚазАқпарат» таратқан хабарда 16 мың гектар деп көрсетілді. Бұл дегеніңіз қыруар байлық қой. Бұрын қалай көрмегенбіз, қалай байқамағанбыз? «Ештен де кеш жақсы». Сонымен бағдарлама бойынша алғашқы жылы 13 шатқалды игеру жоспарланыпты. Сайды – шатқалға, төбені тауға оп-оңай айналдырып жіберетін шенеуніктеріміз бен басқа да белсенділеріміз үшін 13 шатқалды игеру неге тұрады? 

Оңтүстікте бас дәрігер өзінің кабинетіне неге кіре алмай жүр?

Бүгін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сейфулла Тілеубергенұлы Мұсаевтың Ордабасы аудандық орталық емханасының бас дәрігері Назира Бердібекқызы Әбжапарованы өзінің қызметтік кабинетіне кіргізбей қойғандығы туралы ақпарат тарады. Ұққанымыз, өткен аптаның жұмасында оның қызметтік кабинетінің есігіне «опечатано» деп жазылған қағаз жабыстырып қойған. Және бұл тірлік аудандық орталық аурухананың бас дәрігері С.Мұсаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асқан көрінеді. 

ЖУРНАЛИСТЕР ТӨЛ МЕРЕКЕСІНДЕ БЕРДІБЕК САПАРБАЕВТЫ АҢСАЙДЫ

Жыл сайын маусымның 28-інде журналистер қауымы өздерінің кәсіби  мерекесін тойлайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша атаулы дата қарсаңында тілшілердің құрметіне түрлі байқаулар ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылады. Жыл он екі ай өнімді еңбек еткен қалам иелері марапатталады. Арнайы сыйлықтар мен жүлделер табыс етіледі. Қала берді, әжептәуір мейрамханада дастарқан жайылады. Болды. Шерханша (Мұртаза) айтсақ, «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистерге деген қоғамның ілтипат-ізеті осымен шектеледі. Жүрісінен жаңылмайтын, көзіміз үйренген жылдағы сценарий – осы. Бұдан кейін журналисті қошемет көрсетіп, еңбегін бағалау үшін ешкім іздемейді де. Қайтадан сол баяғы Ахаңдар салып берген сүрлеуге түсесіз. Халықтың көзі, құлағы һәм үні боласыз. Бұқараның санасына оң өзгерістер сіңіріп, қоғамның дамуына жол сілтеп, ықпал етуге тырысасыз. Қарашаның мұң-мұқтажына құлақ түріп, оның оңынан шешілуіне жанұшыра көмектесесіз. 

Бас педагогтық кімге бұйырады?

Сонымен, бұл оқу жылы да тәмам. Ал әжептәуір уақыттан бері «капитансыз» жұмыс істеп жатқан ОҚО-ның Білім басқармасына жуық маңайда басшы тағайындалатын сияқты. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, аталмыш лауазым жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп жүрген, «филология ғылымдарының докторы, профессор» атақ-дәрежесі бар бір кісіге нәсіп болады-мыс. Әйткенмен көпшіліктің көкейінде «Оның мемлекеттік қызметте «стажы» жоқ қой. Ол жағы қалай болар екен?» деген де сауалдың туындарын ішіміз сезеді.

«Ол кісінің басқармаға баратындай жөні де бар. КазГУ-де білім алған. Тәжірибесі жеткілікті. Бірақ проректорлыққа көтеріле алмай-ақ қойды. Білуімше, өңірдегі үлкен кісілердің бірі оның ректорына осыған байланысты құлаққағыс та жасады-ау. Алайда нәтиже болмай тұр ғой» дейді тағы бір желауыз.

 

Айтпақшы, «облыстың бас ұстазының креслосы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығындағы кадрлардың біріне бұйыруы ықтимал» деген де жорамал бар.    

Дәрігерлер енді «Диагноз» оқи ма?

ОҚО-ның Денсаулық сақтау басқармасының жанынан «Диагноз» деген тағы бір газет жарық көретін болыпты-мыс. Оны диагнозы белгілі жігіттер шығаратын көрінеді...

Әкім болар ма екенсің?..

«ОҚО-ның 300 мыңнан астам халқы бар Мақтарал мен Сарыағаш аудандарының құрамынан бұрын біріктірілген аудандар бөлініп, өз алдына енші алып шығады екен» деген әңгіме тарағалы, «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, шен-шекпеннің дәмін татып қалғаны бар, татсам ба деген дәмелілері бар, біраз жігіттердің есіл-дерті «Қайтсем сол аудандардың біріне әкім боламынға...» ауып жүрген көрінеді. Оның үстіне «Осы адамдар туралы пікір туғызып, үлкен кісілердің назарын аудара берейік әрі жұртшылықтың да құлағы үйрене берсін» деген пиғыл ма екен, жауырыншылар да қарап жатпай, үміткерлердің қатарын қалыңдатып, бірқатар азаматтардың атын атап, түсін түстей бастады. Арасында кеңесші болып жүрген, инспектор болып жүрген, тіпті «замәкім» болып жүрген ардақтылар да бар.

Subscribe to this RSS feed