Әнуарбек МАЙМАҚОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері, жоғары дәрежелі ұйымдастырушы: «ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТУБЕРКУЛЕЗ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАТЕР»
– Әнуарбек Әбдібекұлы, Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойына басшылық қызметте келе жатырсыз. Бір кездері тиісті басқарманы да тізгіндедіңіз. Сондықтан өңірдегі медицинаның түрлі кезеңдердегі дамуы мен жай-күйін Сізден артық білетіндер некен-саяқ болса керек. ОҚО денсаулық сақтау саласының жұртшылыққа мәлім де беймәлім қырлары туралы сөз қозғасаңыз. Қазір қай деңгейдеміз? Көрсеткіштеріміз қандай?
– Журналистер сұхбатқа тартып отырған соң, әрине, өз пікірімді айтуға құқылымын. Сондықтан біршама шолу жасап көрейін. Өңірдің денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер өте көп. Мен 1980 жылы осында дәрігер болып табан тірегенімде, біздің аядай ғана 120 орындық ауруханамыз №2 қалалық балалар ауруханасы деп аталатын. Мұқтаждығымыз тым көп-тін. Мысалы, хирург керек болса, тіпті катетер керек болса да, облыстық ауруханаға жүгінетінбіз. Ол келгенше, тіпті балалар жан тәсілім етіп те қоятын кей жағдайда. Сондай қиын жағдайда жұмысты бастағанбыз. 160 орындық облыстық балалар ауруханасының да халі мәз емес еді. Шымкенттегі «Текстиль фабрикасы» аталып кеткен аумақта ешқандай жағдайы жоқ, барак типтегі ғимаратта орналасқан-тын. Көлемі 4 мың шаршы метр ғана. Кейін №6 аурухана орналасқан ғимаратқа көшірілді. Ол жердегі ғимараттың алаңы 9 мың шаршы метрді құрайтын. Ал қазіргі жағдаймызды көріп отырсыз, жер мен көктей. Мынау «Нұрсәт» шағынауданында жаңадан бой көтерген облыстық клиникалық балалар ауруханасының көлемі – 34 мың шаршы метр.
2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловтың келісімдерімен балаларға медициналық қызмет көрсету қызметін бір жерге шоғырландырдық. Мәселен, бұрын балалардың көзі ауырса – көз аурулары ауруханасына, қан құрамында қант деңгейі көбейіп кетсе – эндокринологиялық дипансерге, жүрегінен хирургиялық ақау табылса – облыстық кардиоорталыққа баратын. Яғни бұлардың бәрі тарам-тарам болып кеткен-ді. Ал 2014 жылы сол тұстағы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың барлық қызметтерді біріктіру жайлы ұсынысы шықты. Бұл өркениетті мемлекеттерде бар тәжірибе екен. Біз, мысалы, Литвада болдық, 5 мың орындық аурухананың ішінде перзентханасы да бар. Науқасқа өзге дәрігерлердің қажеттілігі туындаған жағдайда оларды басқа емдеу мекемелерінен шақырып, әуре-сарсаңға түсіп жатпайды. Айталық, қан тамырлары хирургі керек пе, өзінде тұр. Барлық маман – бір жерде. Мұның артықшылығы неде? Медицинада «алтын уақыт» деген ұғым бар. Мысалы, адам жол апатына ұшырады делік. Бір сағат ішінде көрсетілген көмек өте тиімді саналады. Сондықтан сол аралықты «алтын уақыт» деп атайды. Ал нағыз қажетті мамандарды жан-жақтан жинап жатсаңыз, сіз алтын уақытты қайтіп тиімді пайдаланасыз?! Ол жолда келемін дегенше, бір сағатыңыз зу етіп сырғи шығады. Міне, осыны ескере отырып, қазір біз эндокринологті те, офтальмологті те, кардиохирургті те, кардиологті те, нейрохирургті те – барлық маманды осы ауруханаға топтастырдық. «Алтын уақыт» режимінде жұмыс істеуге толық қауқарлымыз. Мұның барлығы – Елбасының, өңір басшылығының оң саясаты мен дұрыс көзқарасының жемісі. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, небір күрделі кардиохирургиялық оталар да өзімізде жасалуда. Біз республикада, яғни Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астанадағы түрлі орталықтарда жасалып жатқан жоғары технологиялық медициналық көмектің шамамен 90 пайызын өзіміз көрсетіп жатырмыз. Тек науқасты емдеу кең ауқымдағы, озық технологияны қажет ететін жағдайда ғана республикаға жүгінеміз. Салыстыру үшін айтайын, 2013 жылы Астана мен Алматыға 475 адамды жіберсек, былтыр бұл көрсеткіш бар-жоғы 60-ақ адамды құрады. Бұл – балаларға көрсетілетін медициналық қызметті біріктірудің арқасында қол жеткізген жетістік!
Үшіншіден, облыстық кардиоорталықта жасалып жатқан оталарды да ерекше атап өткен жөн. Мен Шымкент қаласына дәрігер болып келгенімде, жүрекке ота жасау дегеніңіз түсімізге де кірмейтін. Тіпті мүмкін еместей көрінетін. Ол уақытта жүрекке отаны тек шетелде жасаушы еді ғой. Құдайға шүкір, бүгінде біз де сондай дәрежеге жеттік.
Ол аз десеңіз, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында бас дәрігер Мәди Биғалиев бүйрек пен бауырды ауыстыру оталарын жасап жатыр. Кейбіреулер оны дұрыс түсінбейді, шындығында, одан жоғары технологиялық медициналық қызмет жоқ! Сайып келгенде, ол – Ж.Исмаиловтың қолдау көрсетуімен жүзеге асқан М.Биғалиевтің тікелей өз еңбегі. Трансплантология дегеніңіз – үлкен тәуекелді тірлік, өте қиын шаруа. Сондықтан М.Биғалиевті батыр деп атауға болады. Құдай бетін әрі қылсын, сол отада бір науқас тіл тартпай кетсінші, досың да, дұшпаның да табалауға, үстіңнен арыз боратуға дайын тұрады. Құдайға шүкір, бүгінге дейін 100-ге жуық ота жасады, науқастардың барлығы да дін-аман. Әйтпесе кезінде оның атына небір сын айтылды ғой. Бірақ ол ештеңеге мойыған жоқ. Өз мақсатына жету үшін тек алға адымдады. Трансплантологиямен айналысу үшін қаншама ізденіс керек, көптеген ғылыми еңбектерді қарау керек, тәжірибе жинау керек, қаншама адамды шеберлік сыныптарынан өткізу керек.
Одан бөлек біздің облыста миға да ота жасалады. Мұның бәрі, Елбасы айтқандай, Шымкенттің шын мәнінде республикада №3 мегаполиске айналғанын дәлелдейді.
– Қазақ «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой, әйткенмен көңілге кірбің ұялататын жайттар да жоқ емес шығар. Бар дүниемізді ешкім тартып ала қоймас, назардан қағыс қалып жатқан көлеңкелі, қалтарысты тұстарымыз туралы айта аласыз ба?
– Әрине, көңіліміз толмайтын кейбір келеңсіз жайттар да баршылық. Мысалы, ОҚО-дағы стратегиялық үш мәселені айрықша бөліп айтар едім. Біріншісі – ана өлімі, екіншісі – сәби өлімі, үшіншісі – туберкулез.
Енді осыларға жік-жігімен тоқталайын. Қазақ «Ауруын жасырған арам өледі» дейді. Мен облыстық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың биылғы 5 айға жасаған есебін көрдім. Ресми мәліметтерде «Ана өлімі былтырғымен салыстырғанда 2 есе төмендеді» депті. Қуанып қалдым. Осы саланың жанашыры һәм ыстық-суығына қатар төзіп жүрген маман болғандықтан, «Қай өңірден ілгері, қайсысынан кейін екенбіз?» деген ниетпен басқарманың есебін мен де қарап шықтым. Алайда есеп шындықтан алшақ жатыр. Басқасы – басқа, өз басым ана өлімі орын алған 2 фактіні білемін. Оның қай ауруханада қалай болғанына шейін. Өкінішке қарай, ол қайғылы жағдай жасырылды. Сондықтан мұндай деректерді жасырып-жауып, «медициналық көрсеткіштеріміз жақсарды» деу дұрыс емес. Бұл жерде барынша ашық болу қажет. Өзі ана өлімі екіге бөлінеді: кеш және ерте. Екеуін де жасырмай, оның себептерімен күресудің орнына бүркемелеуге көшсек, ешқандай алға жылжу болмайды.
Екіншісі – сәби өлімі. Дәлірегі, бір жасқа дейінгі балалардың өлімі. Бұл да – саяси мәселе. Денсаулық сақтаудағы негізгі индикаторлардың біреуі. Мен облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істегенмін. Ана мен бала өлімін талай талдағанбыз. Небір мінберлерден сөйлегенбіз. Яғни мен бұл мәселелерге терең бойлай алатын сарапшымын.
М.Егізбаев бала өлімі де былтырғыға қарағанда пәлен пайызға төмендегенін көрсетіпті. Мысалы, былтыр ОҚО жыл соңында бала өлімі жөнінен республикада 6-орында еді. Көрсеткішіміз 9,3 мильді көрсеткен. Демек, бала өлімі жөнінен 5 облыс біздің алдымызда тұр еді. Ал биыл 5 айдың қорытындысы бойынша біз 2-орында тұрмыз. Біздің алдымызда бір-ақ облыс бар. Яғни бала өлімі жоғары екі облыс болса, соның бірі – Оңтүстік Қазақстан. Мұнан кейін «денсаулық сақтау деңгейін жақсарттық» деуге қалайша аузымыз барады. Иә, 5 айдың қорытындысында біздің облыстың көрсеткіші 1 пайызға төмендеген. Алайда бізде есесіне туу көрсеткіші де төмендеп отыр ғой. Бір жарым мың адамға. Ал сәби өлімінің республикалық көрсеткіші 13 пайызға төмендеген. Сол себепті «ОҚО-ныкі 1 пайызға төмендеді, бәрі жақсы» деу дұрыс қағида емес. Жыл соңындағы 6-орыннан қазіргі таңда 2-орынға көтерілуіміз – жұмыстың сапасын нашарлатып жібергеніміздің айғағы. Бала өлімін азайтып, оның себептерімен күресудің орнына біз біраз нәрсені жасырып, негізсіз түсініктеме беріп, жұртты адастырғымыз, шатастырғымыз келеді. Иә, аталмыш мәселенің ұңғыл-шұңғылын білмейтін, өзінен лауазымы жоғары азаматтардың аузын күншығысқа қаратып кетуге болар, бірақ мен секілді сарапшылардың көзін байлай алмайсың.
Үшінші көрсеткіш – туберкулез. Мен шындықты айтып үйренген адаммын. «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» деген рас қой. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы жағдай да өте қиын. №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жыл басында анықталған туберкулез дерегін айтып отырмын. Күні бүгінге дейін көпшіліктің бұған қалайша көз жұмып келе жатқанына таңмын. 30 жылдан бері басшылық қызмет атқарып келемін, мұндай сорақылықты көрген емеспін.
Білуімше, аталмыш орталықта 500-ден астам адамға әлеуметтік қорғау көмегі көрсетіліп жатыр. Және олардың бәрі бірдей ОҚО-ның тұрғындары емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Міне, сол жерде биыл қаңтар айында 7 адам құрт ауруымен ауырған. Ақпан айында олардың қарасы 64-ке жетті. Қысқа ғана мерзімде өкпе дертін жұқтырғандардың осыншаға көбеюі сұмдық емес пе?! Алайда дабыл қағып, ертерек нақты қам-қарекет жасауды талап ететін бұл мәселе бірде-бір коллегияда, бірде-бір «планеркада» айтылмады. Мейлінше жасырын, құпия сақталды. «Ел құлағы елу» емес пе?! Ал мен естіп-біліп отырмын. Қалайша түк сезбегендей бейқамдық танытамын. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әрбір туберкулезбен ауыратын адам 10-15 адамға дейін ауру жұқтыратыны тағы бар. Туберкулездің өзі «особо опасный» инфекцияға жатады. 64 адам ауырғаннан кейін шыдай алмай, 22 ақпанда мен Денсаулық сақтау министріне телеграмма салдым. «Түркістандағы жағдайды қолға алып, тиімді шара қолданбасаңыздар, ұлтқа қатер төніп тұр...» деп. Таңертең хабар бердім, сол күні түс қайта министрдің орынбасары Алексей Цой шұғыл жетіп, жиын өткізіп, штаб құрды. Жан-жақтан мамандарды шақырып, комиссия қалыптастырды. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін ұйымдастырып кетті. Оның бәрі дұрыс, әрине.
– Иә, оған бәріміз де қуандық қой. «Енді Түркістандағы туберкулездің түбіне балта шабылатын болды» деп.
– Жасыратыны жоқ, штаб құрылған соң біраз өзгерістер болды, біраз жұмыстар дұрыс жолға қойылды. Бірақ «Айдың арғы беті, бергі беті» деген ұғым бар ғой, дүйім ел Түркістандағы жағдайдың тек бергі бетіндегісін ғана көріп отыр. Ал арғы бетіндегі көріністі көруге екінің бірінің жүрегі дауаламасы анық. Сенесіз бе, әлі күнге дейін мұндағы ахуал жарым-жартылай жасырылып келеді. Баяғы біздің облыстан бұрқ ете қалған ВИЧ індеті есіңізде шығар, бір адам өліп, 140 бала аталмыш дертті жұқтырған-ды. Сол кезде күн сайын штаб жиыны өтіп, облыстағы жағдай жіті қадағаланып отыратын. Бұл да сондай маңызға ие жағдай ғой. Тіпті одан ары болмаса, бері емес. Себебі әлгі 500 емделушінің туған-туыстары тек ОҚО-да ғана емес, еліміздің төрт бұрышында тұрады. Олардың да туберкулез жұқтырып, әрі қарай оны өздері тұратын елді мекендерге апарып таратып жүрмегендеріне кім кепілдік береді?! Сондықтан республикалық деңгейде штаб құрып, сол сырқат адаммен кімдердің байланыс жасағанын анықтап, олардың туыстарын мекенжайлары бойынша тауып, 24 аптаға дейін тиісті ем-дом жасалуы керек. Олар дәрігердің бақылауына алынуы тиіс.
Иә, бір қарағанда жұмыс жүріп жатқан сияқты. Әйтсе де неліктен әлі күнге дейін бұл мәселе бірде-бір коллегия мен «планеркада» айтылмайды? Жалпақ жұртты былай қойғанда, медициналық қауымдастықтың өзі көп жайттан бейхабар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бір телеарнадан оқта-текте «Біз тауып жатырмыз...» деп бірдеңелерді айтқансиды. «Тауып алдық» деп айтуға болады, егер туберкулезді флюоротексерумен тапса немесе профилактикалық тексерумен тапса. Ауру әбден белең алып, адам өлімі тіркеліп жатқан жағдайда «таптық» деу ақылға сыймайды. Оның үстіне Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мамандарының тексеру қорытындысы бар. Мен ол орталыққа хат жібергенмін. «Жағдай осындай болып жатыр. Сіздер тарапынан не атқарылып жатыр?» деп. Хатыма жауап алдым. «Иә, тексердік. Айтқан фактіңіз дәлелденді. Бұл емделушілер 2016 жылдан бері ауырған. Бірақ жасырып келген...» деген төңіректе. Олардың қорытындылары мен ұсыныстарына сүйенсек, Түркістандағы мекемеде туберкулез кеш анықталған және дерттің ондағы ем қабылдаушылар арасында таралу фактілері көпшіліктен жасырылған екен. «Оны қалай дәлелдеді?» дейсіз ғой. Жалпы, 2016 жылы бүкіл аудандағы туберкулезге қарсы қызмет тек облыстық туберкулезга қарсы диспансерге қарайтын. Флюорографиялық тексерудің барлығын аталмыш мекеме жүзеге асыратын. Таңғаларлығы, облыстық жауапты мекеме дені сау деп жазып кеткенімен, кейбір аурулар туберкулездің препаратымен – канамицинмен емделген. Бұл дәрі тек осы мекеме арқылы тегін берілетінін ескерсек, біраз жайттың беті ашылады. Сонда кім кінәлі, кім мүдделі? Кімнен нені жасырып отыр? Менде Денсаулық сақтау министрлігінің де, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының да «Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың барлығы үлкен заң бұзушылықпен, айтарлықтай кемшілікпен жүзеге асып жатыр» деген жауаптары бар.
Иә, тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Штаб құрылды. Келісемін. Әлі күнге дейін штаб мәжілісі өтеді. Бірақ жартылай жасырын тірлік. Оған мүдделі адамдар ғана қатыстырылады. Мысалы, мен әлі бір жиналысына қатысқан емеспін. Сондықтан бұл мәселені қырағы назарға алмаса, бүкіл республикаға өзінің зардапты әсерін тигізері сөзсіз.
Мәселен, министрліктен келген жауап хаттың бір үзіндісін оқып берейін: «По итогам проведенного расследования специалистами республиканских организаций Министерства установлено, что в Центре имело место сокрытие случаев туберкулеза, неполный охват пациентов флюорографичесим обследованием, допущены случаи пропуска патологии у пациентов, не соблюдался алгоритм диагностики лечения туберкулеза».
Сонда қалай, бұлар канамицинмен туберкулезді емдейді, мамандар әбден шектен шыққан жағдайды анықтайды, ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы батыр іспетті «мен таптым» деп, жерден жеті қоян тапқандай жұртқа жар салады.
Орыстың «Рыба гниет с головы, а чистят ее с хвоста» деген мақалы бар. Ақпандағы дүрмекпен Түркістандағы бірқатар мамандарды жұмыстан босатты. Ұзын-ырғасы – отыз шақты адам. Сонда ауқымды деңгейде шешілетін мәселені қатардағы мамандарды қызметтен қуу арқылы шешуге бола ма?..
«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші, жауырды жаба тоқу түбі ешкімге опа әпермейді. Өйткені туберкулезді жасыруға болмайды, ол – науқас адаммен қарым-қатынас жасау арқылы, ауа тамшылары арқылы жылдам таралатын дерт. Біз бүгінде сол науқастармен кім байланыс жасады, солардың барлығын қадағалауға алып, жаппай тексеруіміз шарт. Мына қарқынмен қайда баратынымызды көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты. Қаңтарда – жетеу, ақпанда – 64, бүгін – 133! Кім жауап береді сонда?
Әрине, мұның барлығы кімнің құлағына жетіп, кімнің құлағына жетпей жатқанын білмеймін. Бұл жерде ағайынгершілік, туысқандықты қойып, тікелей қызмет бабында қарауға, тазалыққа көшу керек. Себебі сын түзелмей, мін түзелмейді. Мен мұны біреудің қытығына тиейін деген мақсатпен айтып отырған жоқпын. Оның үстіне ешкімде алты аласым да, бес бересім де жоқ. Менің шырылдап отырғаным, біз осыншалықты жетістігімізді дәл бүгінгідей тірлікпен былғап алатынымыз анық.
– Әнеке, Сізге рахмет, біраз жайттың бетін ашып, сұхбат бердіңіз. Неге осы мәселе хақында өзге әріптестеріңіз алаңдаушылық білдірмейді?
– Ешқандай дәрігер басылымға тікелей сұхбат бере алмайды. Өйткені М.Егізбаевтың облыстың медицина ұйымдарының бірінші басшыларына жолдаған хаты бар. Онда бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін барлық ақпаратты алдын ала басқарма басшылығымен немесе басқарманың ресми баспасөз хатшысымен міндетті түрде келісу қажеттігін ескерткен. Ол ол ма, әлгі хатты «БАҚ-на берілетін кез келген мәліметке медицина ұйымының бірінші басшысы тікелей жауапты» дегені тағы бар. Яғни қарамағындағы дәрігерлер теріс пікір білдіретін болса, бас дәрігер тікелей жауап береді. Былай қарағанда, біз не алға, не артқа кетіп бара жатқанымызды да білмейміз. Сонда басқарманың ақпарат құралдарымен араға «Қытай қорғанын» орнатып қойып, «олар тек біздің берген ақпаратты місе тұтсын» деген пиғылымен келісе алмаймын. Сондықтан дәл біздікіндей облыста мен сияқты дәрігердің сұхбат беруі адамгершілік, азаматтық, батылдыққа жатады. Осынша жағдайды көріп, біліп отырып, мен сын айтпағанда, кім сын айтады?! Егер менің айтқандарым жалған болса, жауаптылардың заң органдарына жүгінуіне болады.
– Бәлкім, осы сұхбаттан кейін сең қозғалар.
– Бәлкім, мен шындықты ашық айтқаннан абырой алмаспын. Бірақ мен үшін темірқазық – «Ауруын жасырған арам өледі» деген даналық. Бұл ешкімге де, тіпті облысқа да, республикаға да абырой әкелмейді. Мен туберкулезге шалдыққандардың саны сол 64-пен, тіпті 70-пен бітсе де, бүйтіп дабыл қақпас едім. «Сонда біз мойын бұрып, маңызды шешімдер қабылдауымыз үшін бұл көрсеткіш қаншаға жетуі керек?» деген сұрақ мазалай берді. Бізді кімді, нені күтіп отырмыз? Елбасы не деп шырылдайды, біз не деп жауап береміз? Мемлекет ақшаны бөліп отыр, материалдық-техникалық базамызды нығайтып отыр. Мұндай игілік медицинаға бұрын-соңды жасалмаған. Мәселен, бұрын мен денсаулық сақтау басқармасында еңбек етіп жүргенімде облыс бойыныша бір-ақ ескі компьютерлік томограф болатын. Қазір 16. МРТ қаншама! Елбасының денсаулық сақтау саласына жасап жатқан жақсылығы керемет. Дәрі-дәрмекке ақша жеткілікті, тек ынсап жетіспейді.
Менің зейнетке шығуыма бір жарым жыл қалды, тіпті зейнеткер болсам да, дәл қазіргі жағдайға байланысты үн қатар едім. Себебі осы саланың маманымын. Денсаулық сақтау жүйесіне көңіл бөліп, талдау жасап отырамын. Азаматтық ұстанымымды білдіруге қақылымын. Мен тек Құдайдан ғана қорқамын. Және Елбасыға cенемін. Өйткені ол кісі – Ата Заңның кепілі. Басқа кімнен қорқамын?!
– Ертеңгі күні зейнетке шығасыз, сол кезде жұрт «Ойпырмай, Әнуарбек Маймақов нешеме жыл басшылық қызметте жүрді. Сол кезде неліктен бәрін біле тұра үнсіз қалды?» деген елдің сөзінен аулақ болу үшін қазір әділдігі мен ақиқатын айтқаныңыз жөн де шығар.
– Мен Түркістандағы туберкулезге қатысты пікірімді бұған дейін де айтқанмын, бірақ оны құзырлы органдарға хатпен жібердім... Енді сол мекемедегі 500-ден астам адамның барлығы ауырғанын күтуіміз керек пе? Меніңше, бұл мәселені реттеуге ОҚО-ның сырттан мамандарды шақырмай-ақ шамасы келеді. Біздің мамандар мықты. Тек соны дұрыс пайдалану керек!
– Әңгімеңізге рахмет! Түркістандағы туберкулезді жұрттан жасырып-жапқаннан гөрі жағдайды ашық айтып, сол жұртпен ақылдасып, жұмыс істеген дұрыс шығар. Себебі, расында да, ОҚО-дағы «ВИЧ оқиғасының» ұмытылатын уақыты болған жоқ қой.
Сұхбаттасқан Әділхан МЕРГЕНБАЙ.