Айтаханов Әбдірахымовтың жобаларын жалғастыра ма?

«Бетеге кетіп, бел қалар, бектер кетіп, ел қалар» демекші, Шымкенттей аса танымал шаһарды кімдер басқармады десеңізші?! Жұртшылық бүгінде солардың бірен-саранының болмаса, көпшілігінің түр-түстерін де, аты-жөндерін де ұмытып қалған болуы керек. Десек те, Шымкентті басқарған сол пәленбай әкімнің ішінде ерекше есте қалғаны да, әлі де талай жыл есте жүруі бек мүмкіні де Ғабидолла Әбдірахымов шығар.

Ғ.Әбдірахымовты ешкім "жаман әкім болды" дей алмайды. Шамасы жеткенше жұмыс істеуге тырысты. Шымкенттің шырайына шырай қосып, елдегі үшінші қала мәртебесін айшықтай түсетін неше түрлі жобаларды айтып, біздің де қиялымызды шарықтатты. Әртүрлі уәделер берді. "Шымкенттіктер өмірі армандамаған жаңа дүниелерді әкеліп, халықтың ықыласына бөленсем" деген ізгі ниетінің бар екендігі оның әрбір сөзінен сезіліп тұратын. «Шымкент Лас-Вегастан да күшті болуы керек. Шымкенттің тұрғындары оған лайық» деген бір ауыз сөзімен-ақ Шымкент қаласын гүлдендіруге қатысты үлкен жобаларының бар екендігінен хабар берген-ді.

Әбдірахымов баса назар аударған жобалардың бірі де бірегейі – «Шымкент Сити» жобасы. Осы жобаны жүзеге асыруға арналған бір басқосуда Ғабидолла Әбдірахымов: «Бүгінгі күн бәріміз үшін тарихи сәт. Шымкентті Орталық Азиядағы ең үлкен мегаполистердің бірі ретінде дамытудың жаңа кезеңін ашып жатырмыз» - деген болатын. Шымкенттің бұл аймағы, орысша айтқанда, қаланың «визитная карточкасы» болуы тиіс-тін. 300-ден астам көпқабатты тұрғын үйі бар аумақ «қала ішіндегі қала» болады деп жүргенбіз. Ғ.Әбдірахымов: «Мұны шымкенттік Манхэттен деп те атауға болады. Оның аумағы – 400 гектар. Мұнда көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Аумағы 75 гектарды құрайтын саябақ болады. Жалпы, алдағы уақытта құрылыс қарқын алмақ. Қазірдің өзінде «Highwell», «BAZIS-A», «BI Group» секілді ірі компаниялар Шымкенттен филиалдарын ашты. Мәселен, бір ғана «Highwell» компаниясының өзі жобаларын жүзеге асыру үшін 130 млрд. теңге инвестиция тартпақ. Яғни бұл жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаражатты инвесторлар тарту арқылы шешеміз», – деген.

Сондай-ақ Ғ.Әбдірахымов қаладағы қоғамдық көлік мәселесін біржола шешуге талпыныс жасады. Мәселен, биыл қала күніне орай ауыз толтырып айтарлық ірі жобаны іске асырды. Бұрын-соңды Шымкенттің тарихында болмаған муниципалды автопарктың тұсауы кесілді. Қалалық мәслихаттың сессиясында «1000 автобус алу үшін келісімге отырдық. Оның 300-і келді. Жыл соңына дейін тағы да 700-і келеді. Сонымен, қаланың қоғамдық көліктерін толықтай жаңалаймыз. Жоба құны 100 млн. АҚШ долларын құрады» дегені де естен шыққан жоқ.

Ғабекең Шымкентке «Shymkent mall» сауда ойын-сауық орталығын, «Диснейленд» те салатын болған. Бәрінен бұрын жаңадан саламын деген стадионын айтсаңшы! «Орталық стадионда осы жоба бойынша қайта құрылымдау жұмыстары күзде басталады. Келесі жылы күзде аяқталады. Жоспар осындай», - деген болатын. Былтыр Шымкентте өткен «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумында қала әкімі «Colosseo» компаниясының президенті Ян Енча мырзамен Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 40 млн. АҚШ долларлық келісімге қол қойған болатын. Қала әкімі айтқандай алып стадионда Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік туатын болған. Жоспарда стадион аумағында мейрамхана, фитнес клуб, қолайлы автотұрақтар орын тебетіні айтылған-ды.

Қаланың ортасындағы базарларды сыртқа шығарып, қала көшелерінің толық жөндеуден өткізілетінін де айтқан. Әттең... Үлгере алмады. Дұрысы, осындай тамаша жоспарларын жүзеге асырып, ел ризашылығына бөленуге оны үлгертпей, қызметінен алып тастады. Әйтпегенде ендігі... Лас-Вегаста жүрмесек те, Еуропаның кішігірім қалаларының бірінде жүргендей болар едік. Айтқандай, Ғабидолла Рахматоллаұлы алғаш әкім болып келген кезінде «Алға қойған мақсаттарымды жүзеге асыра алмасам, 5 жылдан кейін қызметімнен кетемін» деген де еді ғой. Сонымен, Ғ.Әбдірахымовтың осы және басқа да жобалары қаншалықты жүзеге асты? Айтқандары орындалды ма?

Мұндай сауал қойсақ, көпшілік «Айтқанының бірін де істеген жоқ. Құр ауызбен орақ орды» деп, Ғабекеңе қарсы тас ата бастауы мүмкін. Бірақ, мәселеге басқа жағынан қарап көрсек қалай болады? Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына екі рет әкім болғанда небары 3 жыл 3 айдан сәл-ақ асатын уақыт қызмет етіпті. Алғашқысында – 2 жыл, 2 ай, соңғысында – 1 жыл, 1 ай. Ал енді осындай аз ғана уақытта соншама жұмысты атқарып тастау мүмкін бе? Қанша жерден тау қопаратындай күшің мен талабың болса да, құбылмалы әлем саясатына тәуелді нарық оған мүмкіндік бере ме? Біздіңше, Ғабидолла әкімнің ойға алған, қолға алған шаруаларын толық жүзеге асырып кетуіне уақыты жетпеген секілді. Ол, қалай болғанда да, цейтнотқа түсіп қалған шахматшының күйін кешті. Расында да 3 жыл, 3 ай соншама үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін өте қысқа мерзім емес пе?! 

Мейлі, кетер әкім кетті. Ғабидолланың біраз уәдесі де өзімен бірге кетті. «Істеймін» деп бастап қойған шаруаларының көпшілігі тоқтап тұрған сияқты. «Істелінеді» деген жобаларының жалғасы бола ма, болмай ма, ол жағы да белгісіз. Жалпы, біздің елде, соның ішінде Шымкентте бір әкімнің бастап кеткен ісін екіншісінің жалғастырып әкете қоюы қиындау ғой. Жаңадан келгені міндетті түрде жаңа бірдеңе ойлап тапқысы келіп тұрады. Жаңа жобалар жасап, алдыңғысының бар шаруасын «тіпәй күйсін» қылғандарын да талай көргенбіз.

Шымкенттің әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалғанда «Енді қалай болады, Ғабидолланың бастаған заманауи идеяларын бұл кісі жалғастырады ма?» деген сауалдарды көппен бірге біз де қойдық.  Сөйтсек, түйсігіміз онша алдамаған сыңайлы. Байқап жүрміз, алдыңғы әкімнің бастаған шаруаларын кейін келген Ерлан әкімнің «жалғастыра кетейін, сәті түссе, аяқтай салайын» дейтін ыңғайы онша байқалмайтын сияқты. Себебі, Ерлан Айтаханов пен оның командасы Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде басталған жобалардың аяқсыз қалмайтындығы жөнінде, не болмаса тоқтайтындығы туралы ләм-мим деп әліге дейін ауыз ашқан жоқ. Әйтпесе, бір жағына шығатындай-ақ уақыт болыпты. Ерлан Қуанышұлының Шымкентбасы болғанына да ендігі қырық күннен асып, елу күнге жақындап қалды. Күніне мың шақырым жүріп отырсаң, қырық күнде жерді бір айналып шығуға болады. Қырық күнде қырық рет ойланып, Ғабидоллалар бастаған бастамаларға жан бітіруге болатынын не болмайтынын анықтап үлгеріп, тас-түйін бір шешімге келуге, біздіңше, әбден болады. Ал, Ерекең бастаған команда болса, үнсіз. Бұл үнсіздіктің артында не тұрғанын Ерлан Айтаханов пен бір Құдайдың өзі біледі. Дегенмен, бүгін біздің көтеріп отырған тақырыбымыз қарапайым қала тұрғындарының аузында жүрген тақырып екенін айта кетейік. Біздің тілек – үлкен энтузиазммен басталған бастамалар аяқсыз қалмаса екен!

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Қаржылық сауатты арттырып, кәсіпкерлікті дамыту – өз қолымызда

Президент Жолдауында еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру керегін айтты. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орта Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет екенін де белгілеп берді. 

Бүгінде қарқынды дамыған экономикаға мән беріліп отыр. Яғни, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға назар аударған жөн. «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете бермек. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді», – деді Президент Жолдауда.

Бұл елімізде жаппай кәсіпкерліктің дамытудың зор мүмкіндігі. Әсіресе, жастар мұндай қолдауды сезінуі тиіс. Мемлекеттің ұсынып отырған қаржылық мүмкіндіктерін – субсидиялау, жеңілдетілген несие, шағын және орта бизнесті дамыту, т.б., игіліктерді пайдалана білу үшін жүйелі қаржылық сауат керек. Қазір ақпараттық білім беру орталықтары ашылып, тұрғындарға тегін кеңес берілуде. Жалпы айтқанда, ел тұрғындарының қаржылық сауатын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуы – өз қолдарында. Қарапайым тұрғындардың өз капиталын молайтуға мүмкіндік мол.

Айгүл ТӨЛЕМЕТОВА, э.ғ.к, профессор.

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы №5 сектордағы құрылыс жұмыстары аяқталды

Қарағанды облысы мен Төлеби ауданына тапсырылған №5 сектордағы 11 қабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп бітті. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шарада Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты жарылыстың салдарынан қираған үйлер мен жеке секторларды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, Төлеби ауданы әкімінің алғыс хаттарымен және Төлеби аудандық мәслихатының грамотасымен арнайы марапаттады. 

Түркістан облысы: Қазығұрт ауданында 6 мектеп пайдалануға беріледі

«Адами капиталды дамытудың көзі ретінде білім беру мазмұнын жаңғырту». Қазығұрт ауданында өткен тамыз конференциясы осылай аталды. Басқосуда білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды

Түркістан облысы: Отырарлық шаруалар тұзданған топырақтан мол өнім алып отыр

Тұзданған топырақтан да мол өнім алуға болады. Ол үшін агротехникалық талаптарды сақтап, диқаншылықты ғылыммен байланыстыру керек. Бүгінде осы талапты Отырар аудандағы 10-нан астам шаруа қожалығы сақтап отыр. Нәтижесі жаман емес. Енді сол тәжірибені аудан аумағында толық қолдану үшін аймақта шаруалардың дала семинары ұйымдастырылды. Оған жер емген жандар мен Алматыдағы топырақ институтының мамандары қатысты. 

Түркістанның бас жоспары таныстырылды

Бүгін облыс орталығы тұрғындарына Түркістан қаласының бас жоспары таныстырылды. Енді қасиетті мекен 3 кезеңмен дамып, сәні мен сәулеті жарасқан шаһарға айналады. Алдағы уақытта тұрғын үйлер мен мектеп, балабақшалардың саны артып, әкімшілік ғимараттар бой көтереді. 

Түркістан облысы: Арыстағы Жамбыл облысы мен Шардара ауданына қарасты №3 сектордың құрылыс жұмыстары толық аяқталды

Бүгін Арыс қаласындағы Жамбыл облысы мен Шардара ауданына тиесілі 3-сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай салтанатты шара өтті. Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан құрылысшылар мен белсенді азаматтарға алғысын білдірді. 

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің керуені Нұр-Сұлтан қаласына жіберілді

ҚР Конституция күніне орай, ағымдағы жылдың 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері ел астанасында дәстүрге айналған Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Осыған байланысты бүгін түркістандық өнімдердің керуені жолға шықты. 

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы №14 секторда тұрғын үйлерді қалпына келтіру 97 пайызға жетті

Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған ауданның бір топ зиялы қауым өкілдері Арыс қаласына арнайы барып, Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына бекітілген 14 сектор аумағындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандармен тұрғын үйлерді аралап, жаңа қонысқа аяқ басқан тұрғындарға құттықтауларын жеткізіп, бірлік пен татулықтың арқасында іске асып жатқан игі істерге ақ баталарын берді. 

Түркістан қаласынан «ТҮРКСОЙ» жастар камералық оркестрінің концерті бастау алды

Бүгін Түркістан облысында «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының, Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түрік кеңесінің 10 жылдығына орай «ТҮРКСОЙ» Жастар камералық оркестрінің концерті Түркістан қаласында өтті.