3 жыл 3 ай 22 күн. Бұл – Шымкент қаласының әкімі болып 3 мәрте тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың аталмыш шаһарды тізгіндеген мерзімі. Білек сыбана еңбек етіп, нәтиже көрсету үшін, әрине, аз уақыт емес. Рас, қиялына қанат бітіріп, Ғабекең көп нәрсені армандады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», Шымкентті Лас-Вегастан мысқал да кем қылмау үшін талай-талай жобалары барын баяндағанда, аузымыздың суы құритын. «Шымкенттік Манхэттен» болады делінген «Shymkent Sity» қалашығының енді-енді төбесі қылтиып, «Shymkent Bus» муниципалды автопаркінің 1000 автобусы қала ішінде әрлі-берлі зырғитын күн де алыс емес» деп отырғанымызда лауазымымен қош айтысты. Ал Ғабидолла Әбдірахымов қызметін одан әрі жалғастыра бергенінде ол тілге тиек еткен, жұртшылықты елітіп әкеткен тамаша жобалар шын мәнінде жүзеге асар ма еді? Сіз қалай топшылайсыз? Өз басымыз Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиыннан соң бұл сұраққа жауап беру оңай еместігін аңғарып, кібіртіктеп қалдық.