Киіз үйдің төрінде ұйымдастырылған шараның мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, мол мұрасын жас ұрпаққа таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Шараның ашылуында кітапхана директоры Нұржамал Әбілжанқызы сөз сөйлеп, Абай мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ кітапхананың оқырман мен әдеби мұра арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін атап өтті. Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды әңгімелер айтылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды.
Рухани кештің мазмұны ұлттық өнермен де сабақтасты. Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебінің оқушысы, Түркияда өткен халықаралық байқаудың Super Grand Prix жүлдегері Өлке Гүлім күмбірлеген күй орындады. Сонымен қатар «Абай ауылында» ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер арқылы оқырмандар Абайдың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысты. Кітапхана оқырмандары арасында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, танымдық белсенділіктерін арттыратын мазмұнды жұмыс жүргізілді. Абайды оқу – өзіңді тануға, Абайды түсіну – адамдықты тануға бастайды. Ұлы ақынның мұрасы – ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік рухани қазына.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы. Ақын 178 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз-ғақлияның, 60-қа жуық аударма және 16 музыкалық шығарманың авторы.
Абай атамыздың өлеңдері ғажайып сөз қолданыстарымен ерекшеленеді. Ақынның сөздік қоры шығыс шайырларынан кем емес. Абай шығармалары жалпы саны 30 тілге аударылса, «Абай жолы» романы әлемнің 116 тілінде жария болды. Бұл Абайдың ұлы мұрасы бар қазақ үшін зор мақтаныш! Абай осы ізгілігі арқылы жалғыз қазақ емес, күллі ғаламға шуақ шашты, нұрын төкті. Өркениет әлемінде Абай құбылысы-философиясымен, гуманистік көзқарасымен, көркемдік шеберлігімен, стилистикалық мәнерлігімен, формалық жаңалықтарымен, ғылыми дүниетанымымен ерекшеленеді. Ақынның өсіп-өнген ортасы, халық ақындарының, шешендердің, шежірешілердің ой мен тіл көсемдерінің алтын ордасы! Әкесі Құнанбай от ауызды, орақ тілді, мұсылманшылық қағидалардан жүйрік білетін от жігерлі жан. Әжесі Зере ертекші болған.
Абайдың философиялық ой-пікірі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Абай әйгілі шығыс классиктері Фердауси, Сағди, Ширази, Низами, Навоилардың шығармаларын және ислам философтарының көзқарастарын жетік білді, сонымен бірге ежелгі гректің атақты классигі Аристотельдің философиялық шығармаларымен және Сократтың еңбектерімен толық танысты, В.Г. Белинскийдің еңбектерін көп оқыды. Абай өзінің бір алуан шығармаларын қара сөзбен жазған. Оның қара сөздері көркем шығарма түрінде емес, ақынның өзі көрген өмір сабақтары туралы ойларын, содан туындайтын даналық, философлық түйіндерді жинақтаған публицистикалық үлгіде жазылған. Оның сөлем құрылымы, сөз саптау өзгешеліктерін де осы мақсатпен туады. Көлемі шағын, мазмұны, мағынасы ауқымды, терең болып келеді. Кейбіреулері сұрау-жауап түрінде, өзімен-өзі сырласу, оқырманмен кеңесу түрінде беріледі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат