Жексенбі, 22 Қараша 2026 18:26

Созақ ауданында өткен жылдан бері 135 отбасы баспаналы болды

Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қарқын алып отыр. Бүгін тағы 17 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жаңа қоныс иелері қатысып, қуанышты сәттің куәсі болды. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жаңа баспаналы болған отбасыларды қоныс тойымен құттықтап, тұрғын үймен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік бастамалар мен бағдарламалар ауданымызда да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, әрбір отбасының ертеңге сеніммен қарап, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Халықтың игілігіне бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», – деді аудан басшысы.

Спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков ақ батасын беріп, игі бастаманың жалғасты болуына ниет білдірді. Өз кезегінде жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстарын жеткізіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Айта кетейік, ауданда тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту жұмыстары соңғы жылдары қарқын алып келеді. Жеткіншек мөлтек ауданында өткен жылдың басынан бері 118 пәтер пайдалануға берілді. Оның 102-сі жеке инвесторлар есебінен салынса, 16 пәтер «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС мен «Қазатомпром-Сауран» қолдауымен жаңғырту бағдарламасы аясында бой көтерді.

Бүгінгі 17 пәтер де инвесторлардың қолдауымен салынып, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар, тағы 4 пәтер пайдалануға дайын. Қазіргі таңда оларды құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін баспаналар иелеріне табысталатын болады. Бұдан бөлек, 20 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын.Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар алдағы уақытта да аудан тұрғындарын баспанамен қамтуға өз үлесін қоспақ.

Еске сала кетсек, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және баспанамен қамтамасыз ету қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі мен кезектегі орны негізінде анықталады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 23 рет