Еңбек күні мерекесі Отырар ауданында салтанатты жағдайда аталып өтті. Мерекелік шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдіғали Жүнісов қатысып, аудан еңбеккерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.
-Қай заманда да адам баласы үшін ерен еңбектің орны ерекше. Адал еңбек адамды ер атандырады, ұрпаққа үлгі етеді, мерей-шаттыққа бөлейді. Өмірдің өзі еңбектен тұрады. Шынайы еңбек-шапағаты мол бірлік пен бағасы қымбат бақытқа жетелейтіні ақиқат. Мемлекетімізде Елбасымыздың бастамасымен түрлі кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар жасалып, еңбек етем деген адамдарға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Киелі ауданымызда осы мүмкіндіктерді қажеттеріне жаратып, отбасы нәпақасын тауып, ел құрметіне бөленген, мақтауға лайық еңбеккерлер жетерлік. Біз осы азаматтарды кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жаппай еңбек қоғамын қалыптасыруға жұмыс жасауымыз керек, - деді.
Сондай-ақ, аудандағы белсенді еңбек адамдары мен Отырар ауданының экономикалық дамуы жолында еңбек етіп келе жатқан бір топ қызметкерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Мұнан соң салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздарының әуелете салған әсем әндері жиылған көпшіліктің көңіл-күйін көтеріп тастады.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»