Вторник, 16 Октябрь 2018 17:23

Түркістан облысы: Төлеби ауданындағы ауыл көшелері жарықтандырылды

Табиғаты көркем Төлеби ауданы мемлекет тарапынан қолдау тауып, көркейіп келеді. Әсіресе, ауыл округтеріндегі жарық мәселесі оң шешімін табуда. Жаңа бағаналар орнатылып, көше бойы жарықтандырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін жаңа үшін трансформаторлар орнатылды. 

Елді мекен көшелердің бірқатары күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Сондай-ақ ауданда демографиялық өсімнің артуына байланысты бірнеше ауылдық округтерде жаңа массивтер құрылды.

«Еліміздің саны өсуіне байланысты Алғабас пен Бейнеткеш елді мекеніндегі жаңа массивтерге аудандық бюджеттің қаржысы қаралған. 2 млн. 797 мың теңгеге сол жобалар ұсынылды» дейді 1 мамыр ауыл округінің әкімі Нұрғали Қосалиев.

Шаһардың 7 елді мекенінде жаңа бағаналар орнатылып, айнала жап-жарық күйге енді. Құрылғанына аз уақыт болса да, «Оңтүстік жарық» мемлекеттік мекемесі белсенді еңбек етіп келеді. «Инвест» бағдарламасы бойынша көшелерге заман талабына сай трансформаторлар мен электр жүйесі орнатылды.

«Биыл Төлеби ауданында «Инвест» бағдарламасы бойынша бірнеше электр жүйелеріндегі бағаналар іске қосылды. Тасарық елді мекенінде 77 бағана, Ақайдар елді мекенде 77 бағана, Новостроевкада 65 бағана, Первомаевкада 149, Ынтымақ елді мекенінде 82, Майбұлақта 142 және жаңадан трансформаторлар орнатылды» дейді Төлеби аудандық электр жүйесінің бас инженері Махамбет Машаев.

Жалпы, аудан тұрғындары да «2018 жылдың басынан елімізде жарықтандыруға жақсы көңіл бөлінуде. Оған дәлел, мына ауылдағы көшелердегі бағаналар толығымен ауыстырылды. Жарық мәселесінде ешқандай қиындық жоқ, күндіз-түні жанып тұрады» деп ризашылықтарын білдіруде. Яғни тұрғындардың алғыстан өзге айтары жоқ. Өйткені осы уақытқа дейін аталған өзекті мәселелер шешімін таппай келген. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне әр берген игі істің жүзеге асуы – ел экономикасының шарықтап дамуына дәлел.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1000 times