Среда, 17 Октябрь 2018 05:22

Түркістан облысында көмір қоры жеткілікті

Түркістан облысындағы бюджеттік мекемелерге қажетті 169,1 мың тонна көмір бүгінгі таңда толық тасымалданған. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге қажетті көмір көлемі – 106,6 мың тонна. Ал облыстағы темір жол станциясы қоймаларындағы 1 тонна  көмірдің бағасы бойынша «Шұбаркөл» көмірі – 14-15  мың теңге,  «Ботақара» көмірі – 10-11 мың теңге көлемінде. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті.

Оның айтуынша, облыстағы 2830 бюджеттік мекеменің барлығы, яғни 100 пайызы қысқы маусымға дайын. Оның ішінде білім саласында – 1289, денсаулық сақтау саласында  – 788, әлеуметтік  салада – 753  мекеме. «Облыс бойынша жеке тұрғындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі   көмір отынына деген жалпы қажеттілігі –  902 мың тонна,  бүгінгі  күнге   темір  жол станцияларындағы  қоймаларға тасымалданғаны – 689,1 мың тонна. Облыстағы  орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін көпқабатты тұрғын үйлердің саны – 544,   олар жылу  беру маусымына  толық дайын. Дербес қазандықтардың (котельная) саны - 10, барлығы қысқы маусымға даяр. Облыстың жылу беру дайындығына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде», - деді Марғұлан Зұлхарнайұлы. 

Бұдан бөлек, мазут отынына деген облыс бойынша қажеттілік көлемі 10 мың тонна болса, Энергетика министрлігімен тасымалдау кестесі бекітіліп, келісім-шарт жасалған. Айта кетерлігі, облыстың солтүстік және таулы аймақтарында атап айтқанда, Созақ, Төлеби, Түлкібас аудандарында 15 қазаннан бастап жылу беріліп отыр. Түркістан облысы бойынша табиғи монополия субъектілерінің коммуналдық қызметтері үшін 2018 жылдың  1 қазандағы  берешегі – 499,2 млн. теңгені құраған. Берешектің негізгі бөлігі жеке тұрғындар пайдаланған табиғи газға қатысты. 

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 876 times