Понедельник, 29 Октябрь 2018 05:56

Алматыдан басталған «Ынтымақ шеруі» Шымкентке жетті

Шымкент қаласына Алматыдан делегация келді. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай бастаған делегация «Ынтымақ шеруі» жобасы аясында шымкенттік әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасуды көздейді.

Құрамында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылым жетекшілері, ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және журналистер енген жетісулық делегацияны жергілікті ассамблея мүшелері ерекше ықыласпен қарсы алды. Қонақтар алдымен Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратын аралады. Ассамблея мүшелерімен кездесіп, жұмысымен танысты. Одан кейін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелде қонақтарға өңірде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мағлұмат берілді.

Өз кезегінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен және Шымкент қаласының республикалық мәртебеге ие болуымен құттықтап, «Ынтымақ шеруі» жобасының маңызына тоқталды. «Алматылық ассамблея мүшелері оңтүстік өңірдегі оңды істермен танысып, тың бастамаларға куә болып жатыр. Елдің берекелі бірлігін нығайтуға бағытталған игі іс-шаралар аз емес екен. Мемлекет басшысы айтқандай елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағы барлық жетістіктердің кілті екені даусыз. Осы бағытта Түркістан облыстық және Шымкент қалалық ассамблея мүшелерімен бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісіп отырмыз», - деді Ғабит Тұрсынбай. 

Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Людмила Хочиева Шымкенттіктердің қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, оңтүстік өңірден үйренетін игі бастамалар көп екенін жеткізді. Іс-шарадан кейін шымкенттік көрермендер Алматы облысының этномәдени бірлестіктері жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. «Ынтымақ шеруі» жобасы аясында қонақтар  Шымкенттің және Түркістан облысының тарихи-танымдық жерлерін аралады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 685 times