Понедельник, 29 Октябрь 2018 07:36

Шымкентте «Қазпоштаның» цифрлы кеңсесі ашылды

Шымкентте ашылған «Қазпошта» АҚ-ның цифрлық кеңсесі пошта қызметтерін қарапайым азаматтарға барынша қолжетімді, цифрлық түрде алуға жағдай жасап отыр. Бұл – елімізде ашылған 7-цифрлық кеңсе.

Айта кетсек, биыл «Қазпоштаның» қызметіне 25 жыл толып отыр. Осыған орай акционерлік қоғам бірқатар игі істерді қолға алды. Соның бірі – цифрлық кеңселер ашу. Бүгінге дейін елімізде Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанайда жаңа цифрлық технологиямен жасақталған цифрлық кеңселер жұмыс істей бастады. Мұндай жаңа қызмет түрі Шымкентте де жұмысын бастады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кеңсенің мүмкіндігімен танысып, жобаны қолға алған азаматтарға алғыс айтты.

Мұнда пошта қызметінің барлық түрі цифрлық жүйеде көрсетіледі. Гибридті банкомат, поштамат, төлем терминалы, электронды қызметтер жұмыс істейді. Онда тек қана 2 кеңесші ғана азаматтарға көмек көрсетеді. Қалған қызметтердің барлығы автоматтандырылған. Барлық төлемдер, сәлем-сауқат жіберу, алу барлығы цифрлық түрде, 2-3 минуттың ішінде жасауға болады. «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, бұл жерге келген азаматтар кезек күтіп әуреге түспейді.

– Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға цифрлық технология бойынша қызмет көрсету. Мәселен, біздегі кез келген бөлімшеде 20 адам жұмыс  істейді. Ал мұнда тек 2 кеңесші бар. Басқа қызметтердің бәрін автоматтандырылған роботтар атқарады.  Екі қызметкер арнайы оқудан өткен. Оған қоса бөлімге келген азаматтар өздерінің цифрлық сауаттылығын көтереді. «Қазпоштаның» 25 жылдығын  біз осылай атап өтуді жөн көрдік. Цифрлық кеңселер ашудан бөлек 9 қазан – дүниежүзілік пошта күнінде Қазақстан бойынша 2500 ағаш отырғыздық, - дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы. Алдағы уақыта «Қазпочта» АҚ Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе бірқатар цифрлық жобаларды іске асырмақ.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 693 times