Іс-шараға аудан аумағындағы мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлер, аудан жастары және белсенді тұрғындар қатысты. Шараның мақсаты: Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты Арыс қаласының тұрғындарына қолдау, көмек көрсету. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық тұрғындарға осындай жағдайда ынтымақпен бірігіп,жұдырықтай жұмылып, бір-біріне қол ұшын созу туралы айтылды.
Іс-шара аясында жарылыс салдарынан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарын қолдау мақсатында үндеу де жарияланды. Көмек қолын созу мақсатында арнайы қор ашылып, «Түлкібастықтар – Арыспен бірге!» деген ұранмен қаржы аудару үшін тиісті есепшоттар жазылған парақшалар аудан орталығындағы халық көп шоғырланатын, жұрт жиі жүретін жерлерге таратылды. Осылайшы Түлкібас ауданының бұқарасы Арыс қаласындағы жамағаттың басына түскен қиындыққа бейжай қарамайтынын нақты әрекетпен көрсетті.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.