Вторник, 02 Июль 2019 08:39

Түркістан облысы: Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

Бүгінде Арыс қаласы мен жарылыс орын алған әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары толығымен аяқталып, үйлеріне оралған тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы органдар толығымен жұмылдырылған. 

Сондай-аққаланы қалпына келтірудегі құрылыс-жөндеу жұмыстарына ел аумағынан арнайы 160 бригада құрылып, әр облысқа тиісті секторлар бөлініп берілген. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының аудандық білім бөліміне қарасты мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшілері мен ерікті пән мұғалімдері, аудан жастары мен кәсіпкер азаматтар көшелерді күл-қоқыстан тазартып, арнайы техникалар жұмыс істеуде. Мұнан басқа Мақтаарал ауданынан күнделікті гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік пен гигиеналық тұтыну заттары, соның ішінде картоп, пияз, қырық қабат, макарон, ұн, қауын-қарбыздар мен киім-кешектер жіберіліп жатыр.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы мен Шығыс Қазақстан облысына бөлінген 8-секторда 541 үй бар. Олардың 521 үйі жөндеуді қажет етсе, 6 баспана мүлдем жарамсыз күйде. Бүгінде аудан белсенділері тарапынан алғашқы 10 үйдің қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын жақсы түсінетін мақтааралдықтар үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын елдің ауызбіршілігінің арқасында межеленген уақытта толығымен аяқтауға ниетті.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 712 times