Среда, 05 Апрель 2017 04:00

Тоқалдың «қызығын» байлар көреді

Соңғы кездері тоқал алғанын мақтаныш етіп, қос қатынды басқарып отырғанын лепіре әңгімелеген кәсіпкерлер мен танымал адамдар туралы материалдар жиілеп кетті. Олардың бұл әрекетінен пиардан бұрын, жалпы көпшілікке, оның ішінде өзі қатарлас ер-азаматтарға бағытталған «көрдің бе, менің ақшамның көптігін тоқал алғанымнан біле берсейші» деген зымиян ниет-пиғылды аңғармау мүмкін емес.


Бұл тақырып күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Күнделікті тіршілікте болсын, әлеуметтік желіде болсын – тоқал туралы сөз шыға қалса, оны жалғастырып әкетіп, таласып-тартысып жатқан «шешендер» мен «көсемдерді» жиі кездестіруге болады. Және бұл даудың бейбіт аяқталғаны есімізде жоқ. Әрқашан әркім өз пікірінде қалады. Қазақтың әйелі де, еркегі де бұл тақырыпта бір диссертация қорғап тастайтындай мол ақпаратқа қанық. Алланың берген рұқсатынан да хабардар. Алайда, біздегі бүгінгі шынайы ахуал мен шариғат талаптарының бір-біріне дөп келмеуінің салдарынан бұл мәселені өз қолымызбен ушықтырып алғанға ұқсаймыз.

Әлбетте, бұл жерде тоқал алудың шариғат рұқсат берген, Алла тағаланың ризашылығымен іске асатын рәсім екеніне күмән келтіріп, қарсы айтар уәжіміз жоқ. Тек оның еріккеннің ермегі емес екенін еске салғымыз келеді. Қос-қостан қатын алудың өз шарттары, Алланың алдында жауапкершілігі бар. Бұл орайда дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікіріне құлақ асайық:

«Көп әйел алудың ислам дініндегі үкімі – парыз не уәжіп емес. Тек рұқсат. Яғни, әрбір мұсылман ер кісі көп әйел алуға міндетті емес. Бұған қоса көп әйел алудың өзіндік күрделі шарттары мен талаптары бар. Мысалы, екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы тиіс. Мұнымен қоса, әйелдерінің арасында қара қылды қақ жарардай әділдік, тең қарым-қатынас құруы керек. Яғни, біреуіне жылышырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасау, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт қана болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіз араластықта болу дұрыс емес. Біреуіне жағдай жасаса, екіншісіне де жағдай жасауы керек. Ал мұндай талаптарды орындай алатындардың саны өте аз екені айтпаса да түсінікті. Ислам дінінің көп әйел алуға рұқсат етуінің өзіндік бірқатар себептері бар. Ер адамдардың саны әйел адамдарға қарағанда әжептеуір аз. Оның себебі, ер адамдардың қазалы оқиғаларға көптеп душар болуында. Қаза тапқан ер кісілердің артында көзі жәутеңдеген бірнеше баласымен аңыраған жас әйелдері жесір қалды. Осы жесір қалған әйелдерге үйленіп, отбасы құратын ер адамның, жас бүлдіршіндеріне қамқорлық көрсетер әкенің қажет екені сөзсіз. Бұлардан да жиі кездесетін бір жағдай – ер адамның екі әйел алуға мәжбүр болуы. Перзент сүйгісі келетін ер азамат некелескен әйелі дүниеге бала алып келе алмайтын бедеу болған жағдайда не істейді? Бірінші әйелімен ажырасып, басқамен үйлене ме?

Яғни, сәби дүниеге әкеле алмағандығы үшін онсыз да жарым көңіл жүрген әйеліне опасыздық жасап, оны талақ етіп, басқа біреумен қол ұстасып кете бармақ па? Жоқ әлде әйелін де далаға тастамай, оған күйеу әрі сүйеу болып екінші бір әйелмен некелесе ме? Әрине, бұл тұста ақылға да, ар-ожданға да қонымдысы екінші таңдау екені сөзсіз».

Егер еркек расымен де көбірек перзент сүю үшін жесір немесе «отырып» қалған қыз-келіншекке үйленіп, екі отбасына тең қарап, екі әйелді де бақытты етіп, қазақтың санын көбейтіп отырса, ондай азаматтан садаға кетпейміз бе. Қос әулетті ым-жымын білдірмей шеберлікпен басқарып, балаларына қамқор әке, әйелдеріне сенімді күйеу болып жүргендерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Алайда, біздің тоқал алғыштар кімдер?

Осындайда көзімізге бірінші болып түскен топ – бай-бизнесмендер. Мысалы, Тараз қаласындағы белді базарлардың бірінің қожайынында 5 әйел бар. Шымкенттегі белді қонақ үйдің 63 жасар иесінің 3 әйелі бар. Бәйбішенің жасы 58-де болса, ең кіші тоқалдыкі – 23-те. Қатындарының ішінде қазағы да, орысы да бар. Жағдайы жеткен соң алсын дейсің. Біреудің дүниесін қызғанасың ба? Алайда, олардыкі – діннің атын жамылып, өз нәпсісін қанағаттандыру ғана. Өйткені, әйелдері бірінен-бірі өткен жас, сұлу. Заманға сай көк қағаздың соңына түскен сылқымдар. Және ол бизнесмендер әйелдерін тең көреді деп те айта алмайсың. Мұндайлар арамызда көп. Тіпті, олардың арасында тоқалдың саны, неғұрлым жас, сұлу болуы – қаншалықты бай екенін «паш етудің» жолы. Былайша айтқанда – «Тоқал-рейтинг»!

Әрине, әркім өзі біледі, бірақ ондайлар айналасындағы қауымға өз үлгісі арқылы кері әсер етіп жүргенін түсінсе дейсің. Өйткені, оған басқалардың көзі қызбайды деймісіз? Тоқал алғанның жөні осы екен деп, бәйбішемен ақылдаспай, шамасына қарамай жап-жас қызды қатындыққа алатын кей азаматтар осындай байлардан үлгі алып отыр ғой. «Өзбек байыса – там салады, қазақ байыса – қатын алады» деп ата-бабам қалай біліп айтқан десеңші.

Қатын алғыштардың тағы бір тобы – өздерін сәлафи санап жүрген шолақ балақ, селдір сақалдылар. Олар өзіндік дүниетанымы қалып-таспаған шаласауатты қыздарды Алланың қаһарымен қорқытып, үйленіп алады да, неке қызығы тарқаған соң «талақты» үш рет айтып, тастап жүре береді. Өзі тастаған әйелді досына беріп кететін кездері де болады. Жиырмадан жаңа асқан, қара мата жамылған келіншектердің осы күнге дейін он-он бес рет некеде болған десе, сене алмайсың. Алайда, ол шындық. Нәпсінің қалауынан аса алмаған бейшараларды мұсылман деуге аузың бармайды.

Әрине, ата-бабамызды мысалға келтіріп, шариғат жайын әңгімелеп, тағы да ұзақ дауласуға болады. Біздің де атамыз 2 әйел алған. Бірақ оның үлкен себебі бар – өмір бойы бір перзент сүйсем деп армандапты. Сондай-ақ, өзі үйір-үйір жылқысы бар бай еді. Ол заман мен бүгінгі күнді салыстыру мүмкін емес. Дегенмен, екі заманға ортақ бір нәрсе бар – көп әйелді иманы мен шамасы жеткені ғана алған. Сол жағын ойлау керек. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Екі әйелі бар кісі әйелдерінің біреуімен артығырақ қарым-қатынас жасап, әділетсіздікке жол беретін болса, ондай адам ақырет күні бір иығы төмен салбыраған күйде келеді»- деген. Сол. Қатынсыраймын деп ақырет күні иықсыз қалып жүрмеңдер.

 Жан КЕНЖЕ

Read 1808 times