Воскресенье, 18 Август 2019 07:31

Түркістан облысы: Мақтаарал жастары мақтауға лайық

Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған еріктілер клубының мүшелері мен ауданның белсенді жастары аудандағы кенттер мен ауылдық округтерде тұратын жалғызбасты қарттар мен асыраушысы жоқ ата-әжелерге, аз қамтамасыз етілгендер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын созып, көмек беруді күн тәртібінен түсірген емес. 

Бар жастық күш-жігерін елдің дамуы мен бүгінгі ұрпақтың болашағына арнап, тәуелсіздіктің іргетасын қаласқан, шаңырағын көтерісіп, керегесін бекемдеуде өзіндік із қалдырған жандардың өткен өмірлері мен еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай игі шаралардың бірі – қазыналы қарттардың үйіне сенбіліктер жасау. Қора-қопсыларды тазалап, әктеп-сырлау жұмыстарын жүргізу, кір-қоңын жуып, қоқыстарын шығару сынды физикалық еңбектерден кейін жастар қарттардың әңгімесіне құлақ түреді. Дастарқан басында айтылған ақылдарын тыңдап, кеңестерін кәдесіне жаратады. Ел дамуының кешегісі мен бүгінгісінен хабардар болады.

Міне, осылайша тек физикалық жағынан ғана емес, рухани құндылықтармен шыңдалған мақтааралдық жастардың болашақта бағындырар белестерінің мол екендігін нық сеніммен айтуға әбден болады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 944 times