Понедельник, 14 Октябрь 2019 11:11

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алғандарды тексеріп жатыр

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада айтылғандай, қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда (10,8 мың отбасы) 6,7 есеге артқан. 

Көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылуға жататын 23637 адаммен әлеуметтік келісімшарт түзілген. Олардың 4486-сы жұмысқа орналасыпты.

— Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7596 отбасының табысын жасырғаны анықталған. Сөйтіп, 2149 отбасына 1530 млн. теңге көлемінде тағайындалған төлемдер толық тоқтатылып, 70,6 млн. теңгесі бюджетке қайтарылған. Бүгінгі таңға 271 отбасыға хабарландырулар таратылып, оның ішінде 3 отбасы 828392 теңге өз еркімен бюджетке қаржысын қайтарды. Сондай-ақ 5447 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нәтижесінде 5097 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған сомма 1037,4 млн. теңгеге кемітілді, - дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұржанова.

Аудандарда өңірлік комиссиялар құрылған. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары, салық органының өкілі, учаскелік полиция өкілі, қоғамдық бірлестіктер өкілі, жұмыспен қамту басқармасының маманы бар. Олар атаулы әлеуметтік көмек алушыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстарын жүргізеді. Бұған қоса қазіргі таңда 13660 отбасының табыстары қайта тексеріліп, 2520-сының әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екені анықталған. Содан ол отбасыларға төлемдер тоқтатылып, тағайындалған соммадан 788 млн. теңге үнемделіпті.

Басқарманың ескертуінше, жүргізіліп отырған мониторинг нәтижесінде әлеуметтік төлемдердің тоқтатылуы халық арасында әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі және әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызуы мүмкін екен. Айта кетерлігі, 2019 жылға атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 22,3 млрд. теңге бөлінген. Оның 10,4 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 11 млрд. теңгесі ұлттық қордан, ал қалған 0,9 млрд. теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлініп отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 681 times