Вторник, 15 Октябрь 2019 11:55

Шымкент: Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі туралы не білесіз?

Қазір Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға 67 мыңнан аса отбасы өтініш білдірген. Жәрдемақы олардың 80%-іне мемлекеттен алған ақшасына есеп беру шартымен тағайындалған. АӘК 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалай өзгереді? 

Атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасында 4 баласы бар отбасыларға - 42500; 5 баласы бар отбасыларға - 53125; 6 баласы бар отбасыларға - 63750; 7 баласы бар отбасыларға 73375 теңге көмек тағайындалады. «Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? Қай жерге жүгіну қажет?» дегенге келсек, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса, кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Бұл ретте өтініші берушіге сәйкестендіру үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (төлқұжаты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), ал оралмандар үшін оралман куәлігі болуы тиіс. Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Көп балалы аналарға өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар беріледі. Сонымен қатар аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендіріледі.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1277 times