Вторник, 22 Октябрь 2019 13:56

Шымкентте тұрғындар үшін жылу бағасы қымбаттамайды

Жаңа жылдан бастап Шымкентте жылу бағасы қымбаттауы мүмкін. Бірақ тек бюджеттік мекемелер үшін. Бұл туралы жылу беретін мекеме басшылығы айтты. Ал шаһарда жылу беру маусымы қала әкімінің өкімімен 25 қазаннан басталмақ. 

Айта кетейік, «Қуатжылуорталығы-3» коммуналдық мекемесінен 1900-ге жуық көпқабатты үй мен 200-ден астам бюджетік мекеме жылу алады. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы 400 шақырым магистралды және көпқабатты үйлердің жылу жүйелеріне су толтырылып, жылу қабылдауға сақадай сай тұр. «Қуатжылуорталығы-3» мекемесі жылуды үйдегі элеваторға дейін жеткізіп береді. Алүйдегі жылу жүйесінің сапасын қамтамасыз ету тұрғындардың міндеті.

25 қазаннан беріле бастайтын жылу толық қысымда берілгенше екі апта уақыт өтеді екен. «Есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға жылу ақысы 1 қарашадан бастап есептеледі» дейді мамандар. Биыл жылу тарифінде өзгеріс жоқ. Тек мемлекеттік мекемелер үшін жаңа жылдан бастап өзгеріс болуы ықтимал.

«Қуатжылуорталығы-3» мекемесінің басшылығы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ алдында қарызымыз жоқ» - дейді. Алайда 800 шақырым магистралды жылу жүйелерінің 40 пайызының тозығы жеткенін жасырмады. Бірақ жүйеде апаттық жағдайды болдырмауға барын салуға уәде берді. Естеріңізге салайық, былтыр жылыту маусымы Шымкентте 15 қазаннан басталған-ды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 740 times