Вторник, 05 Июнь 2018 09:24

«Шымкент» каналының жағалауы абаттандырылмақ

Шымкентте қала тұрғындары мен қонақтарына арналған тағы бір демалыс орны пайда болады. Қошақарата өзенінің маңын көріктендіріп жатқан мекеме «Шымкент» каналының жағалауын да абатандырмақ.

«Шымкент» каналының 20 километр бойында бір тамшы да су жоқ екені белгілі. Каналдың табаны бүгінде тұрмыстық қалдықтарға, ағаштардың бұтақтарына, шірінділерге толы. Алайда, жақын күндері бұл жерді тазалап, реңін кіргізеді. Сонымен қатар, Еңбекші ауданы әкімдігінің өкілдері жағалау аумағын тазалауда. Заңсыз орнатылған гараждар мен сарайларды бұзып, тротуар плиталарын төсеп, гүлзарлар жасауда.

Жұмысшылар «Шымкент» каналының 11-12 шағынауданындағы бөлігін абаттандыруда. Бұл жұмыстар Жансейіт Түймебаевтың көпқабатты тұрғын үйлері көп аудандардағы халыққа ыңғайлы жағдай жасау туралы тапсырмасына орай, «Шатқал» бағдарламасы арқылы жүргізілуде. Дегенмен, 20 шақырым жағалаудың бәрін абаттандырмайтындарын айта кетейік. Абаттандыруды көпқабатты үйлер көбірек шоғырланған жерлерде ғана жасамақшы. ТҮКШ бөлімін бұл емес, каналды қалай суға толтырамыз дейтін мәселе қаттырақ алаңдатып отырғанға ұқсайды.

ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, егер бәрі жоспар бойынша жүргізілсе, «Шымкент» каналының жағалауы қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналары сөзсіз. Былайша айтқанда, тағы бір демалыс аймағы пайда болады деген сөз.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 1209 times