Понедельник, 18 Июнь 2018 17:32

Шымкент: шілдеден бастап құтқару қызметі ұсынылады

Шымкент қаласының тұрғындары 1 шілдеден бастап 1355 нөміріне қоңырау шала алады. Бұл – құтқару қызметі. Сала мамандары кез келген уақытта қол ұшын созуға сақадай сай. 

Аталмыш қызметтің тарифі – айына 80 теңге. Тұрғындар коммуналдық төлемдермен қоса келетін түбіртектер арқылы есеп айырыса алады. Құтқару қызметіне түрлі жағдайларда жүгінуге болады. Мәселен, үйіңіздің есігі құлыптанып қалды ма, қураған талдарды кесу қажет пе, баспанаңызға кіріп кеткен жыланды ұстау керек пе, осы тәріздес күнделікті кездесетін түйіткілдердің түйінін тәжірибелі мамандар көзді ашып-жұмғанша тарқатып береді.

Расын айту керек, құтқару қызметін көрсететін бұл мемлекеттік емес құрылым төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың да жұмысын жеңілдетіп отыр. «Бұл қызмет құтқарушылардың жұмысын жеңілдету үшін іске қосылды. Табиғи апаттар мен жол көлігі оқиғалары кезінде бригада зардап шеккендерге көмек көрсетуі тиіс. Мәселен, жол апаты кезінде көліктің есігі ашылмайды, ішінде адамдар қалып қойған. Бригада зардап шегушіге шұғыл көмек көрсетуі керек. Мұндай кезде біз көмекке келеміз» дейді құтқару қызметініңбастығыАндрей Фридовский.

Тиісті төлемдерді төлеген тұрғындар құтқару қызметіне кезкелген уақытта жүгіне алады. Алайда тұрғындардың бұл қызметтен бас тартуына да болады. Егер қажет болмаса, төлемей-ақ қойыңыз. 2 ай қатарынан төленбеген жағдайда түбіртектен құтқарушылардың қызметі алынып тасталады.

Еске салайық, бұл қызметті енгізерден алдын Шымкент қаласы әкімдігі шаһар тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, көпшіліктің пікірін зерттеген болатын.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1510 times