Оқиға орнында шикі мұнай қалдықтарымен 20 тонналық «КамАЗ» маркалы автокөлік, жоюға арналған 35 автокөлік және айыппұл салынған 10 автокөлік өртке оранды. Жалын шарпыған аумақ 270 шаршы метрді құрап, тіпті жанындағы жиhаз цехының шатырына өтіп, 24 шаршы метр жердге залал келтірген. Тілсіз жауды ауыздықтауға 76 сөндіруші мен 17 техника, медицина апаттар орталығының 4 қызметкері мен 1 техникасы және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның жұмысшылары жұмылдырылған. Нәтижесінде өрт сағат 02:13-те ауыздықталып, сағат 03:05-те толық сөндірілді. Жалыннан зардап шеккендер жоқ.
Айыппұл тұрағы басшысы А.Әбдіқадыровтың айтуынша, жол ережелерін бұзған жүргізушілерге тиесілі 10 көліктің алтауы 3 жылдан аса мерзімде тұрған. «Оларды иелері іздеп келмеген. Қалған төрт көлік жуырда ғана тұраққа қойылған. Көліктердің шығының біздің мекеме өтейтін болады»,- деді айып тұрағының басшысы.
Қалалық ТЖБ қызметкерлерінің мәліметінше, алдымен «КамАЗ» автокөлігі өртенген. Кейін жалын жеңіл көліктерге тараған. Өрттің шығу себептері қосымша анықталатын болады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.