Жиын «Кондоминиум нысанын басқарудағы ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық және энергия сақтау аспектілері, сонымен бірге көп пәтерлі тұрғын үйлерде интелектуалды басқару жүйесін қолдану» тақырыбында өтті.
Директордың айтуынша, аталған мекеме алдағы уақытта қала әкімдігі және тұрғын үй иелерімен үшжақты келісімшарт аясында жұмыс жүргізбек. Бүгінде шаһардағы төрт ауданнан 21 көппәтерлі үйде пилоттық жоба қолға алынған. Әбдімәлік Балбаевтың сөзінше, пәтер иелерінің тиімді меншік иелері ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалады.
Ал кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері 1 шаршы метрден 20 теңге 67 тиынды құрайды. Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарнаның орташа мөлшері де қарастырылған. Ай сайынғы коммуналдық төлемге қосымша төленетін бұл қаражатты тұрғындар қала әкімнің тұрғын үй қатынастары бөлімінің сайтынан бақылап отыра алады.
«Шымкент тұрғын үй қызмет» ЖШС басшысының айтуынша, бұл жоба көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бағдарлама шаһардағы көпқабатты пәтерлердегі өзекті мәселелерінің шешімін табуды көздейді.
Бағдарламаға сәйкес, қазіргі таңда көпқабатты үйлердің өзін-өзі басқару жобасы ұсынылуда. Әр көпқабатты үйдің тұрғындары үй иелерінің бірлестігін құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай тәжірибе елімізде Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.