Екінші жартыжылдықта басталған істі жыл соңына дейін аяқтау үшін 6 компания тер төгуде. Барлық үйдің типтік үлгісі бірдей. Үйлер кірпіштен салынады, 5 қабатты. Әрқайсысында 1, 2, 3 бөлмелі 60 пәтер болады. Бүгінде конкурстық негізде жеңімпаз деп танылған мердігер мекемелер: «үйлерді кестеге сай бітіреміз», - дейді.
Статистикаға сүйенсек, қазір Түркістан қаласында 6 мыңнан астам азамат баспана сұрап, кезекте тұр. Оған қызмет бабымен киелі мекенге көшіп келетіндерді қоссақ, кезек санының ұзаратыны анық. Осы түйткілді шешу үшін қалалық құрылыс бөлімі тағы 9 үйдің құрылысын бастауға ұсыныс әзірлеген. Егер сол мақсат орындалса, қажетті инфрақұрылымдар тартылып, салынатын үйлер саны 20-ға жетеді.
«Салынып жатқан 20 үйдің инфрақұрылымы бар. Ол да қазір сараптамадан өтті. 20 үйдің ауызсуы, кәріз жүйелері, газ мәселесі және жылу бар. Ол үшін бөлек жылу қазандығы болады» дейді Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Әбдісамат Исраилов.
Баспана мәселесін тездетіп шешу үшін қала билігі қалталы кәсіпкерлерді де тартыпты. Бизнесмендер мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өз қаржыларына қызметтік үйлер салып жатыр. Енді олар арнайы бағдарлама арқылы мемлекет меншігіне алынып, қызмет бабымен сонда ауысқандарға беріледі. Алкәсіпкер қаржысы мемлекет тарапынан қайтарылады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.