Бүгінге дейін аудан орталығы Шәуілдірдегі барлық үйдің ауласына газ құбырлары жеткізілген. Енді тек әр отбасының өз үйіне кіргізуі ғана қалды. Ол үшін ішкі жүйені жүргізетін мердігер компания тұрғындармен жеке-жеке келісімшарт жасасып, кесте бойынша жұмыс істеуде. Әр үйге көгілдір отын кіргізу құны 85 мың теңге,-дейді мамандар. Қазір тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары пысықталып жатыр.
Жалпы Шәуілдірде 1500 отбасы, он мыңға жуық халық тұрады. Әсіресе от жағып, күл шығарудан мезі болған ауыл тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Дүйсенкүл Қожагелдинова, Шәуілдір елді мекенінің тұрғыны: - Көмірді тоннасын 15-18 мыңнан бір кезекке тұрып барып аламыз. Оның несін жасырамыз. Рас, газ келеді дегеннен бастап, біз қуаныштамыз. Осы көгілдір отынды ертерек үйге кіргізсек деген арман бізде. Барлық жақсылық Елбасының арқасында, бола берсін. Ерлан Айтаханов, Отырар ауданының әкімі: - Сырдарияның арғы бетінде 12 елді мекеніміз бар, оған Арыс жақтан газ құбыры тартылатын болады. Газ нүктесі Арыс аумағында әлі біткен жоқ. Соған қосылады. Біз оған дейін тиісті құжаттарын толық дайындау үстіндеміз. 2020-2022 жылдары ауданды толығымен газдандыру жұмыстарын аяқталады.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»