Суббота, 25 Февраль 2017 10:35

Гареміңізде қанша кәнизак бар, басеке?

Билік басында жүрген кейбір шен-шекпенділерді көргенде сұмдық тәртіпті, тәрбиелі, біреудің ала жібін аттамайтын керемет адамгершілік иесі деп ойлаймыз ғой. Алайда, мақтап жүрген сол дөкейлердің істі болып, елден қашып, не болмаса арақ ішіп, ойнастық жасап ұсталып, масқара болғандарын көргенде әуелгі сезіміңіздің быт-шыты шығады. Бәрінен бұрын қызындай бойжеткендермен әмпей-жәмпей болып, аяғын ауыр етіп тастап кететін, нәпсіге тоймайтын шенеуніктердің қылығы жаман. Мұндайлар әйел затын жұмысқа аларда да міндетті түрде төсекті көрсететін көрінеді. Әуеліде онша сенбеуші едік, сөйтсек ондай бәтшағарлар өте көп болып шықты. Бір қызығы, осылар жайшылықта Құдай туралы, иман жайлы, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтары турасында әңгіме айтқанды жақсы көреді. Тіпті арасында бір-бір өңірдің идеологиясын жүргізіп отырғандар да бар деп естиміз. Құдайдан безген екіжүзді азбанға не дерсің?!


Мұндай нәпсіқұлдар арамызда толып жүргенін жоғарыда айттық. Сіз қызмет істейтін мекемеде де бірнешеуі болуы мүмкін. Себебі бұл қолында билігі, ақшасы, мүмкіндігі барлардың осал жері. Ал қазір қолында билігі бардың ақшасы көп, мүмкіндік деген жетерлік. Мүмкіндік дегеннен шығады, қызмет сұрап келген сүйкімді келіншекті көрсе мұндайлар өз-өзін ұстай алмай қалады. Көзі шарасынан шығып, әлгіні көзбен шешіндіріп, не істемек керекті ойша жоспарлап үлгереді. Сөйтеді де икемін байқап, ыңғайы келсе атып ұрады. Осылайша, бүтін бір отбасының ойранын шығарып, шаңырағын ортасына түсіреді, өзімен қоймай біреуді де күнәға батырады. 

Шынын айту керек қой, қазір қолында аз-маз билігі барлардың біразы қызмет орнын гаремге айналдырып жіберген. Орынбасары, хатшысы, хатшысы мен қоса бөлім басшысы, ол аз десеңіз есепшісі де Пәленшенің ойнасы екен дегенді естіп жатамыз. Сол Пәленшенің жүріс-тұрысын бақылап, зер сала бастасаң бұл әңгіме рас болып шығады.

Мұндай ошақбұзарлар әсіресе оңтүстік өңірлерде көп деп естиміз. Әсіресе әкімдіктерде көбейіп кетіпті-міс. Облыстығы болсын, аудандығы болсын. Және сол оңбағандардың қол астында жұмыс істейтін кілең сұлу қыздардың кейбірі іскерлігінің арқасында қызметке тұрса, кейбірі азбан басшысының гареміне түнеп шыққан соң жұмысқа кіруі, тіпті керек болса өсуі мүмкін.

Осыдан шамалы уақыт бұрын Оңтүстіктегі бір облыстың әкімдігінде үлкен қызметтің тетігін ұстаған бірнеше шенеунік жұмыс істеді. Жұмыс істеді дейміз-ау, азаннан кешке дейін нәпсінің соңында жүрді дейді білетіндер. Жасы келген жасамыстауы сол облыстың кадрлық мәселесін шешетін. Сол кәрі азбан күндіз бір әйелді, түнде бір әйелді құшақтап бара жатқанын талай адам көрген. Азбандардың заманы емес пе? Жұрт бұны өшіп тынады деп жүргенде ол бір жаққа өсіп кетіпті. Өскені дұрыс болған екен, әлгі әкімдіктің қыздары жеңіл жүрісін азайтыпты.

Сол облыстың әкімдігіндегі үлкен креслода отырып кеткен тағы бір шенеунікті танитынбыз. Бұл да сол сияқты «донжуан» болып шықты. Азаннан қара кешке дейін қыздармен суретке түсуден қолы босамады. Күнде сол қылтың-сылтың, жыртың-жыртың. Жыртыңдап жүріп біреудің әлпештеген еркесін екіқабат етіп, тастап кетіпті дегенді естігенде тұмсығы бұзылатын шығар деп едік, бұзылмады. Бұзылмағаны былай тұрсын, нәпсісіне ие бола алмай тағы біраз елді шулатқан. Әліпті таяқ деп білмейтін бейбақ абыздарының атына осылайша әбден кір жақты. Елге танымал бастарын боққа батырды. Адамға ұқсап қызмет етіп жүргені де сол абыздарының арқасы еді ғой. Байдың шолжаң баласы ол әкімдіктен де кетті.

Тағы бір «донжуанды» білетінбіз. Ол да сол оңтүстіктің бір облысының әкімдігінде отырды. Отырды деген аты болмаса алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді тебетін, бір орында бір сәт тағат тауып отырмайтын нағыз асау айғыр-тын. Қол астындағы қылықты қатындарды шетінен қырды. Тіпті кейбірі сүйіп қосылған күйеуін тастап, сол оңбағанның көңілдесіне айналыпты рас болса. Нәпсіқор басшы көмекшісінің соры ғой, қол астындағыларын қырып болған соң, «күнде бір қыз дайындап қоясың» деп, көмекшісіне тапсырма бере бастапты. Құдайдың күні көп пе, қыз көп пе? Күнде бір қызды қайдан таба берсін, көмекшісінің әбден діңкесі құрып, шаршап, осының бәрін әкімдіктегі бір әріптесіне айтып, мұңын шағып, өкіріп жылапты. Көмекшінің көз жасын Құдай көрді білем, көп ұзамай ол "айғыр" да әкімдік жақтан кетіп тынды. Әйтсе де, көңілдестерін іздеп, келіп-кетіп тұрады екен. Нағыз «наглец» қой. Басқа не дерсің?!

Мұндай азғындарға қатысты уақиғалар тек оңтүстік облыстарда емес, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатады. Мәселен, былтырғы көктемнің соңғы күндерінде Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының экс-әкімі көңілдесін өлтіртпекші болған. Не үшін десеңіз айтайық, көңілдесі экс-әкімнен жүкті болып, қыз туыпты. Қотыр атқа соқыр ат дегендей, көңілдесі «қыздың әкесі екеніңді мойындап, тегіңді бересің, олай етпесең телефондағы дәлел болатын жазбаларды көрсетіп, масқараңды шығарамын» десе керек. Қызметінен, отбасынан айырылып қалудан қорыққан ол ашынасын өлтіріп, құтылғысы келген. Бұл туралы республикалық арналар жарыса айтып жатты. Экс-әкім жалдаған қаскөйлер 31 жасар әйелдің сегіз жерінен пышақ ұрған. Бірақ, көрер жарығы бар екен, тірі қалыпты. Тілге келген соң бәрін полицейлерге айтып берген. Осылайша, нәпсіқор шенеуніктің кесірінен қаншама адам зардап шекті.

Осыдан бір жарым жыл бұрын тағы бір оқиға елді әбден шулатты. Бұл жолы да сол нәпсінің айналасындағы мәселе. Нақтырақ айтсақ, Ақтау қаласындағы облыстық драма театрдың әртісі мәдениет ошағының басшысын «қызметкерлерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді» деп айыптаған-ды. Айыптап отырған әйелдің сөзіне сенсек, театрдағы басты рөл актерлық шеберлігі үшін емес, төсектегі «өнері» үшін беріліп келген. Тіпті театрды «жезөкшелер мекені» деді. Мұның бәрі қаншалықты рас екенін бір Құдай біледі, алайда, жел тұрмаса шөптің басы қимылдаушы ма еді?!

Еркекті бұзатын екі құмарлық – арақ пен әйел. Ежелден келе жатқан тәмсіл бұл. Алайда, осыны ойлап, қой, бұл қылығым болмас деп, бәрін ысырып, иманға келген, дұрыс жолға түскен бір дөкейді көріп пе едіңіз? Ары кетсе ауылына алып мешіт салдыратын шығар, көз ғып біреуге бес-он сом беріп, әдемі көрінуі мүмкін, осымен оның адами миссиясы аяқталады. Осынысымен Құдайды алдаймын деп ойлайды. Өзін-өзі алдап жүргенін түсінеді дейсіз бе?!

Жалпы, мемлекеттік қызметте жүрген басшылардың арасында қол астында істейтін қыздармен, әйелдермен ойнас болып, өзі отырған мемлекеттік мекемені гаремге айналдырғандар туралы гу-гу әңгіме көп. Ұсталып қалып, масқарасы шыққандары да жоқ емес. Оның бір-екі мысалын жоғарыда айтып өттік. Тіпті мұндайларды біреулер аңдып жүріп суретке түсіріп, бопсалайды екен. Осы былтыр ғана үлкен қызметке тағайындалған Арқадағы бір шенеунік қызметке топырлатып жас қыздарды алып жатыр дегенді естіп едік.  Демек, бұл дерт шеттегі облыстар мен аудандар тұрмақ, арқадағы Астанаға да ауыз сала бастағаны ғой?! Мүмкін сол жақтан басталған пәле шығар, кім білген. Не болса да қиын. Бұлай жалғаса беретін болса алдымызда не күтіп тұрғанын болжаудың өзі қорқынышты. Әйтеуір, Алланың қарғысына ұшыраған елге айналып кетпесек екен...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Read 2831 times